Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы International Boxing Federation (IBF) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды.
Ұйымның ресми хатына сәйкес, бұл шешім 2026 жылдың 5 наурызында IBF директорлар кеңесінің телеконференциясында қабылданған. Бұған қазақстандық боксшының міндетті титул уақытында қорғай алмайтыны себеп болды.
Бұған дейін Әлімханұлының допинг-сынамасынан мельдоний анықталған. Алайда Қазақстан кәсіби бокс федерациясы жүргізген тексеріс нәтижесінде препарат спортшы тарапынан медициналық тұрғыдан негізделген шұғыл емдеу кезінде ғана қабылданғаны анықталды.
Соған қарамастан, Әлімханұлы кәсіби бокстан 2026 жылдың 31 мамырына дейін уақытша шеттетілді. Ал IBF ережесіне сәйкес, антидопингтік ережені бұзғаны үшін шеттетілген боксшы бір жыл бойы ұйым рейтингінде бола алмайды және IBF аясындағы жекпе-жектерге қатыса алмайды.
Әлімханұлына қатысты шеттету мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін есептеледі. Осыған байланысты қазақстандық боксшы 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін өтуі тиіс міндетті чемпиондық атағын қорғай алмайды.
Жағдайды ескере отырып, IBF басшылығы орта салмақтағы әлем чемпионы титулын дереу босату туралы шешім қабылдады.