Допинг сынаманың нәтижесі Жәнібек Әлімханұлы үшін де, қазақ жанкүйерлері үшін де ауыр соққы болды.
Былғары қолғап шебері жекпе-жектің өтпейтінін ресми түрде растады.
"Бұл жаңалыққа біз қалай таң қалсақ, көп жанкүйер де солай таң қалғанын білеміз. Біздің көңіл-күйіміз түскеніндей, көп жанкүйердің көңіл-күйі де түскенін сезіп отырмыз. Өйткені тақым қысып, тілеулес болып отырған ағайын өте көп. Асыға күткен жекпе-жек өтпейтін болды. Жаңалыққа таң қалдық деген себебіміз – VADA-ның бірінші алған анализдері таза деген хабар келген болатын, екінші анализде даулы мәселе бар деген хабар жетті. Екі анализ арасында тамаққа да, витаминге де ешқандай өзгеріс жасамадық. Бұл қалай болды екен деп түсінбей отырмыз! Қаншама еңбек, қан мен тер төгілді. 4 айдан бері басқа елдеміз. Шығындар бар. Отбасыдан жырақ. Біз үшін бұл жаңалық оңайға соқпады. Біз әрқашан таза спортты қолдаймыз деп айтып жүретін командамыз. Қазір менеджерлер мен заңгерлер жұмыс жасап жатыр. Қайта анализ тапсырсақ деген өтінішті айттық. Ескі анализдің екінші нұсқасын да тексерту, зертханадағы жұмыс бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мамандардан хабар күтудеміз. Үлкен спортта әртүрлі қиындықтар болады екен. Бұл қиындықтан да өтеміз, бұйыртса! Ең бастысы – еңсені түсірмеу керек! Қолдау пікірлеріңізге мың алғыс. Құрметпен, QAZAQ STYLE team!" – деді Жәнібек Әлімханұлы өз мәлімдемесінде.
Айта кетейік, орта салмақтағы үш бірдей чемпиондық белбеуі үшін Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек 7 желтоқсанда АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында орналасқан Frost Bank Center аренасында өтуі тиіс болатын.