Жәнібек Әлімханұлы бұрынғы әлем чемпионы француз Хассан Н'Дам Н'Жикамды мерзімінен бұрын жеңіп, WBO Global тұжырымы бойынша орта салмақтағы чемпиондық титулын қорғап қалды. 10 раундтық жекпе-жек Лас-Вегаста Теренс Кроуфорд пен Шон Портердің андеркартында өтіп, сегізінші раундта аяқталды.
Үшінші раундта қазақстандық қарсыласын нокдаунға түсірді. Содан кейін Әлімханұлы Н'Жикамды соққылауды тоқтатпады. Бірақ қарсыласы сегізінші раундқа дейін жетті. Ал содан кейін төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша, қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Жекпе-жек аяқталған соң қазақстандық былғары қолғап шебері жанкүйерлерге алғысын білдірді.
"Аллаға шүкір, кезекті жеңіске қол жеткіздік! Бұл тек менің емес, бұл қазақ елінің және әлемнің түкпір-түкпіріндегі QAZAQ STYLE жанкүйерлерінің жеңісі! Біз тарих жасаймыз. Біз әлі әлемді шулатамыз, бұйыртса! Қолдауларыңызға рақмет!", – деп жазды Әлімханұлы өзінің Instagram парақшасында.
28 жастағы қазақстандық боксшы кәсіпқой жекпе-жекте 11 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетсе, ал 37 жастағы Н'Жикам мансабында 38 жеңіске жетіп, 6 мәрте жеңіліс тапты.
Ермұхамед Мәулен