Бүгін бұл іс бойынша тәртіптік тыңдау өтіп, істі қайта қарау туралы шешім қабылданды. Қайта сот отырысы 23 қаңтарға белгіленді.
Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, қазіргі таңда асығыс шешім шығаруға негіз жоқ екенін атап өтті.
Оның айтуынша, тәртіптік комиссияның алғашқы тыңдауы істі біржақты қарау үшін емес, материалдарды бастапқы бағалау, процедуралық талаптардың сақталуын тексеру және дәлелдемелердің толықтығын анықтау мақсатында өткізілген.
"Бұл кезеңде істі тек бір ғана аналитикалық нәтижеге сүйеніп қарау мүмкін емес екені анықталды. Тыңдау барысында қосымша сараптамалық, медициналық және құқықтық бағалауды қажет ететін мән-жайлар белгілі болды", – деді федерация басшысы.
Осыған байланысты, тәртіптік комиссия 23 қаңтарға қайта сот отырысын тағайындау жөнінде шешім қабылдаған.
Рахымжан Ерденбековтің айтуынша, бұл – халықаралық салдары болуы мүмкін күрделі әрі сезімтал істерде қолданылатын қалыпты тәжірибе.
Федерация президенті допинг-тесттің оң нәтижесі автоматты түрде спортшының кінәсін немесе қасақана әрекетін дәлелдемейтінін де ерекше атап өтті. Халықаралық допингке қарсы стандарттарға сәйкес, тыйым салынған заттың ағзаға түсу себептері, спортшының сақтық шаралары және тестілеуге дейінгі әрі кейінгі мінез-құлқы жан-жақты талдануы тиіс.
Қазіргі таңда іс "Елеулі кінә немесе немқұрайлылық жоқ" қағидасы аясында қаралып жатыр. Бұл ұстаным Спорттық арбитраждық сот тәжірибесінде бірнеше рет қолданылған. Комиссия құрамына федерация өкілдерімен қатар мемлекеттік спорт органы, Ұлттық допингке қарсы орталық, медициналық комиссия және халықаралық төрешілер енгізілген. Мұның өзі істі кешенді әрі бейтарап бағалауға мүмкіндік береді.
Рахымжан Ерденбеков барлық процедуралар толық аяқталғанға дейін түпкілікті қорытынды жасалмайтынын айтып, ақпарат кеңістігіндегі тараптарды сабыр сақтауға шақырды.
Оның сөзінше, кез келген шешім тек фактілерге, әділдік қағидаттарына және халықаралық спорт құқығына сүйене отырып қабылданады.
Еске салайық, желтоқсан айында Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасынан мельдоний табылып, осыған байланысты оның кубалық Эрисланди Лараға қарсы жоспарланған жекпе-жегі өтпей қалған еді. Кейін боксшының командасы В сынамасын ашуды талап етті. Ал Жәнібек Әлімханұлының өзі тыйым салынған препаратты әдейі қолданбағанын мәлімдеген болатын.
Допинг ісіне қатысты түпкілікті шешім 23 қаңтарда белгілі болады.