Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласының есімі белгілі болды

287

Әлімханұлы мен Шакил Томпсон арасындағы жекпе-жек 5-сәуір күні Астана қаласында өтеді деп күтілуде. 

Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласының есімі белгілі болды Фото: Жеке парақшасынан

Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының (16-0, 11 KO) келесі қарсыласы белгілі болды. Инсайдер Дэн Рафаэльдің мәліметінше, Әлімханұлы титулдарын қорғау үшін жеңілмеген британиялық Шакил Томпсонмен (13-0, 9 KO) жекпе-жек өткізу жөнінде келісімге жақын. Бұл кездесу 2025 жылдың сәуір айында Қазақстанда өтеді деп жоспарлануда.

"Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) өзінің туған жері Қазақстанда титулдарын қорғау үшін Шакил Томпсонға (13-0, 9 КО) қарсы жекпе-жек өткізу жөнінде келісімге жақын. Томпсон WBO рейтингінде 9-орында тұр. 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, 31 жастағы Әлімханұлы үшін бұл өзі қалаған қарсыласы емес. Бірақ, басқа чемпиондар немесе танымал үміткерлер онымен жұдырықтасуға қызығушылық танытпағандықтан, 27 жастағы Томпсон қазіргі таңда ең тиімді нұсқа", – деп жазады Дэн Рафаэль.

Британиялық былғары қолғап шебері бұл кездесуге дейін 7 ақпанда Англияның Шеффилд қаласында дайындық жекпе-жегін өткізеді. Шакил Томпсон орта салмақта IBF European және WBO Global титулдарының иегері екенін де айта кетейік.

Жәнібек Әлімханұлы 2017 жылы кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегінен бері Қазақстанда өнер көрсетпеген. Ал 2024 жылы тек бір ғана жекпе-жек өткізді. Ол 4 қазанда Аустралияның Сидней қаласында Жаңа Зеландиялық міндетті үміткер Андрей Михайловичті (21-1, 13 KO) тоғызыншы раундта нокаутқа түсіріп, IBF титулын алғаш рет қорғады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу