Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдамалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) 7 желтоқсанда орта салмақта WBA белбеуінің иегері кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 KO) кездеседі. Үш титул бірдей сарапқа салынатын жекпе-жек АҚШ-тың Сан-Антонио қаласындағы Frost Bank Center аренасында өтеді.
Qazaqstan және Qazsport телеарналары Әлімханұлының айқасын тікелей эфирде көрсетеді. Бокс кеші таңғы сағат 6:00-де басталады.
Жәнібек соңғы рет осы жылдың сәуірінде Астанада рингке шықты. Ол Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, өз титулдарын сәтті қорғаған. Енді қазақстандық былғары қолғап шебері үш титулды біріктіруді мақсат етіп отыр.