Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жектері неге кейінге шегерілді?

2066

Кәсіпқой рингте қазақстандық боксшы бір де бір рет жеңіліп көрмеген.

Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жектері неге кейінге шегерілді?

Жәнібек Әлімханұлының орта салмақ бойынша чемпиондықты жеңіп алу туралы биік мақсаттары кейінге қалдырылды. Титулдық міндеттер келесі жылы, оның ішінде дивизион көшбасшыларымен өтетін кездесулер кейінге шегерілді. Боксшы не үшін демалысқа кетіп барады?

Әлімханұлы өзінің жекпе-жектерге байланысты жоспарларын тоқтата тұрғаны туралы Instagram парақшасында хабарлады. Боксшы былай деді:

"Құрметті жанкүйерлер! Біздің команда демалысқа кетті. Биылға ешқандай жекпе-жек болмайды деген хабар алдық. Бұйыртса келер жылдың басында жұдырықтасамыз. Жеңісті күндері жүздесейік!", - деді Әлімханұлы.

Жәнібек үлкен жетістікке жетіп, биік шыңдарды бағындыруды көздеп отыр. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Дегенмен, биылғы жыл COVID-19 коронавирусына байланысты боксшыға мақсаттарына жету үшін кедергі болды деуге болады. Былғары қолғап шеберінің жоспарлары ауқымды. Әлімханұлы өз салмағы бойынша титулдарға қол жеткізіп қана қоймай, орта салмақтағы чемпионмен бетпе-бет кездесу өткізгісі келеді.

Боксшыны бокс әлемінде таныту үшін үлкен және ауқымды жұмыс жасалды. Жәнібектің өзі күтпеген жерден өзін көрсетіп, үнсіздікен арылды. Қарапайымдылық пен ұстамдылық, ұяңшылдық пен ұялшақтық оның визиттік картасы болудан қалды. Ол әлеуметтік желіде батыл тіркестерді және сауатты PR-ды ұтымды пайдалана біледі. Дарынды боксшы өзінің алға қадам басуы үшін тек рингте ғана барын салып жатқан жоқ. Ол жаттықтырушы Бадди МакГиртпен тығыз жұмыс істеуге ден қойды. Жыл бойы олар команданы дамытуға және рингтегі қосымша мүмкіндіктерді сәтті пайдалануды үйрену үшін жемісті жұмыс атқарды.

Оның 2020-жылы өткізген жалғыз жекпе-жегі керемет аяқталды. Қазан айында екінші раундта аргентиналық Гонсало Корианы нокаутқа жіберіп, бокс жанкүйерлерін бір қуантқан болатын. Бұл жекпе-жекте ол тағы бір маңызды мақсатына жетті. Жәнібек Әлімханұлы барлық рейтингтік тізімдердегі орынын сақтай отырып, WBC Continental Americas және WBO Global титулдарын қорғады. Бұл оған келесі жылға үлкен жоспарлар құруға мүмкіндік берді және бұл туралы боксшының өзі де айтқан болатын.

"Мен чемпиондарға 100 пайыз дайынмын. Әркім өз деңгейін, өз шамасын біледі. Денсаулығым жақсы. Жарақат жоқ. Өз салмағымдағы кез-келген чемпионды ұруға және белбеулерін тартып алуға шамам жетеді", - деп жазған болатын боксшы.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу