Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының өкілі Жәния Бекмұхамбетова Таиландтың Бангкок қаласында өткен WTT Youth Contender халықаралық турнирінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бекмұхамбетова U13 жас санатында өнер көрсетіп, жарыстың жартылай финалына дейін жетті. Ол турнир барысында Таиланд өкілдері Амина Прасонполды 3:1, Беньяфа Сураситті 3:0, Наттхапат Лимсирилертті 3:0 және Жапония спортшысы Нонока Судзукиді 3:0 есебімен жеңді.
Жартылай финалда қазақстандық спортшы Қытайлық Тайбэй өкілі Йен Пэй Эньге 0:3 есебімен есе жіберді.
Осылайша, Жәния Бекмұхамбетова жарысты қола медальмен аяқтады.