Жанқияр Жақиянов

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2352

Өткен аптаның аяғында қазақтың қайсар жігіті Жанат Жақиянов Америкада Роуши Уорренді жеңіп, WBA (Super) және IBO тұжырымдарында әлем чемпионы атанды.

Жанқияр Жақиянов

Жақияновтың осы бір ерен жетістігі чемпиондық атаққа қол жеткізгенімен емес, қалай жеңгенімен қызықты болды. Себебі бұл жекпе-жек АҚШ-тың Толидо қаласында өтті. Бұл – Огайо штатындағы шаһар, басқаша айтқанда, оның қарсыласы Роуши Уорреннің туған өлкесі. Ал төрешілер – осы елдің "әділ" қазылары.

Тіпті гонорар бөлінгенде де, Уорреннің промоутерлерінің мысы басып кеткен сияқты. Жекпе-жек қалай аяқталса да, Жанат Жақияновтың (26-1-0, 18 КО) алатыны – 30 мың доллар, ал Роуши Уорренге (14-1-0, 4 КО) бұйырғаны – 150 мың доллар.  

Әйтсе де, рингте бәрі мүлде басқаша болды. 12 раундтық айқас шектен тыс тартысты өтті. Осы жекпе-жектің қарсаңында жеңісті Роуши Уорренге "алдын-ала беріп" қойғандардың ауыздарына құм құйылды. Олар пайымдағандай, Роуши Уоррен қазақтың жанкешті Жанатын жамсатып сала алмады...

Десек те, қазақ боксшысы үшін басы өте қатты басталды. Ұстараның жүзіндей лыпылдаған, жылдамдығы жоғары, қимылы шалт Уоррен жекпе-жек басталған бетте құйындай орап соқты. Пәрменді соққыларымен төпелеп, Жанатты екі рет нокдаунға түсірді. Ал керек болса... Америка көрермендері мәз, екі езулері – екі құлақта.

Абырой болғанда бірінші раунд аяқталып, Жанат өзіне-өзі тез келді. Намыс оты кеудесін қарып, тістене түсті. Жоқ, болмайды, бұлай ұятқа қала алмайды. Содан Жақиянов қамшыны басты!

Жанкештілік танытып, қарсыласына тап берді. Бастырмалатып шабуылдап, соққыны қарша боратып, америкалық былғары қолғап шеберінің апшысын қуыра түсті. Әрине, Уоррен де осал боксшы, оңай шағылатын жаңғақ емес. Қапысын тауып, ол да ұрып жүр. Бірақ Жанат қаймықпай, алға қарай ентелеумен болды.

Соққы тиіп жатса да, қайтпайтын қайсар қазақ қыраны бірте-бірте қарсыласын тықсыра түсті. Америка боксшысын жергілікті көрермендердің көз алдында төмпештеп, көзіне көк шыбын үймелетті. Тіпті Роушидің беті қайтып қалғандай ма, қалай?

Алайда әрбір раунд арасындағы үзіліс кезінде бапкерлері оны қайрап жіберетін сияқты. Рингке шыға сала, ойранды салады. Оңды-солды жұдырық сілтеп, Жанатты соққының астына алады. Қайсар қазақ оның осы жарты минуттық қарқынына төтеп беріп, Уорренді қайтадан бұрыш-бұрышқа тығады. АҚШ боксшысы арқанға барып тіреліп, тығылатын бесінші бұрыш іздеп кетеді...

Негізі, үшінші раундта Жанат та оны нокдаунға түсіргендей еді. Бірақ өзін құшақтап алмақ болған Уорренді сәл итергенін пайдаланып, төреші мұны есепке алмады. Тәлтіректеп құласа да, байқамаған сыңай танытты.

Жалпы рингтегі рефери Жанатты итермелеп, Уорренді арашалап алумен болды. Кей сәтте тұра ұмтылып, Роушенді соңына дейін ұрғызбай, екеуін ажыратып жіберіп отырды. Мүлде қажет емес жерлерде килігіп, жекпе-жекті тоқтатып, Жанаттың бірнеше шабуылын аяқсыз қалдырып отырғандай көрінді...

Сонымен не керек, жекпе-жек соңында Уорренің күш-жігері сарқылды, әбден титықтап қалды. Аузы-мұрны қанады. Төрешінің арқасында десек те болар, әйтеуір құлап қалмай, қалтақтап жүрді. Ал Жанат болса, айылын жимай, көсіле шапты. 12 раунд бойы тыным таппай, зыр қағып, көпшілікті тәнті етті.

Жекпе-жек аяқталған соң, қапталдағы төрешілердің шешімі бірден жарияланбай, алыстағы қазақ жанкүйерлерін әжептәуір қобалжытты. Әйтсе де, үш төрешінің екеуі Жанат Жақияновтың жанкештілігі мен жанқиярлығын мойындап, жеңісті қазақ боксшысына берді. Үшіншісі қалай есептегені белгісіз, бірақ Уоррен басым түсті депті: 115-111, 116-101 және 111-115.

Жалпы аса тартысты өткен жекпе-жек көпшілікке ұнады, нағыз кәсіпқой бокс айқасын іздегендердің айызын қандырды. Шетелдіктердің өздері "бұл – нағыз шынайы шайқас, ал Жанаттың жеңісі өзгелерге үлгі боларлықтай" деп жарыса жазды. Жеңіліп жатып, қарсыласын жүрелеткен қазақ жігітінің ерік-жігеріне, қажыр-қайратына сүйсінбеген пенде жоқ!

Жанат Жақиянов осылай мұхиттың арғы жағында қазақ боксының абыройын асқақтатты. Головкинді меңзеп, "GGG-дің орнын ZZ басар" деушілер де аз болған жоқ. Қазақтың білекті де, жүректі жігіттері бар екенін төрткіл дүниеге паш етті. Жеңісің жеңіске ұлассын, Жанат! Ерік-жігеріңе біз де ризамыз!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу