Осы уақытқа дейін бір де бір рет жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров рингке қайта оралмақ. Ол қазіргі таңда жартылай орта салмақтағы WBO Inter-Continental титулын қорғауға дайындалып жатыр. 30 жасар қазақстандық боксшы келесі жекпе-жегін 3-сәуірде Дубайда (БАӘ) өткізеді. Оның қарсыласы британиялық Тайрон Маккенна (21-2-1, 6 КО). Бірінші жартылай орта салмақ санатындағы жекпе-жек он раундқа есептелген.
Жанқош Тұраров (24-0, 17 КО) соңғы кездесуін 2019-жылы шілдеде өткізді. Жекпе-жек Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Ол аргентиналық боксшы Мауро Максимилиано Годойды (32-6-1, 17 КО) үшінші раундта нокаутқа жіберіп, бірінші жартылай орта салмақтағы WBO Inter-Continental титулына қол жеткізді.
2020-жылдың наурызында Жанқош титулын қорғауы тиіс болатын. Бірақ, пандемияға байланысты барлық жоспарлар өзгерді. Боксшыларға рингті сезіну үшін, аяғының әдеттегідей ырғақта жұмыс жасап, қарсыластың әрекетін сезіну үшін уақыт қажет. Жекпе-жек тәжірибесі уақытша тоқтап қалғандықтан, бұрынғы жылдамдығымен қарсыласына соққы бағыттау боксшыларға сәл қиындау болады.
Британиялық былғары қолғап шебері соңғы бір жыл ішінде екі рет рингке шықты. Екі кездесудің де соңына дейін жұдырықтасты және соңғы жекпе-жекте қарсыласына жеңіліп қалды. 2018-жылы Тайрон WBO Inter-Continental титулын жеңіп алғысы келген. Бірақ, жерлесі Джек Катерллдан жеңіліп қалды. Бір таңқаларлығы, екі рет нокдаунға түскеніне қарамастан Тайрон есепті теңестіре алды. Дегенмен төрешілер 93-94 есебімен жеңісті Джек Катерллге берді.
Жалпы, Жанқош спорттық мансабында барлығы 24 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен, оның ішінде 17 кездесуді нокаутпен аяқтаған. Бұл жолы да жерлесіміздің барын салары сөзсіз. Осыған орай ол әлеуметтік желіде алда өтетін кездесуге байланысты өз жазбасымен бөлісті.
"3-сәуір күні қазағымның көк байрағын Дубайда бірге желбіретейік! Елімізге кезекті жеңісті сыйлап, WBO белбеуін қорғау үшін бар күш-жігерімді салуға сіздердің алдарыңызда уәде беремін!", - деп жазды боксшы.
Ермұхамед Мәулен