Жанқош Тұраровтың жекпе-жегі кейінге шегерілді

1910

Дегенмен, бүгін Дубайда өтетін бокс кешінде Тұрсынбай Құлахмет венесуэлалық боксшыға қарсы кездесу өткізеді.

Жанқош Тұраровтың жекпе-жегі кейінге шегерілді

Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров (24-0, 17 КО) бүгін, 3-сәуірде рингке шықпайтын болды. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін бокс кеші аясында WBO Inter-Continental атағын қорғауы керек еді. Оның қарсыласы Тайрон Маккенна (21-2-1, 6 КО) болатын.

"Өкінішке орай, Жанқош Тұраров ұлыбританиялық Тайрон Маккеннаға қарсы өтетін жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болды. Кездесу кейінге қалдырылды және таяуда қайта ұйымдастырылатын болады", - деп D4G Promotions атынан ұйымдастырушылар хабарлады.

Сондай-ақ Жанқош Тұраровтың өзі жекпе-жектің не себептен кейінге шегерілгені туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша ол короновирус жұқтырған.

"Бүгінгі турнирде өкінішке орай өнер көрсете алмайтын болдым. Барлығы дүние жүзін жаулап тұрған короновирусқа байланысты. Дубайға келген күннен бастап ентігу, температура, мұрынның бітуі, дәм сезбеу симптомдары пайда болды. Турнирге шығар алдында міндеттелген ПЦР тест оң нәтиже көрсетіп, мені қонақ үй номерінде оқшаулады. Салмақ өлшеу рәсіміне шығарылмауымның себебі осы болды. Бірақ, ештеңеге қарамастан номер ішінде де скакалка секіру, жүгіру арқылы жаттығуды тоқтатпай өз формамды ұстап, бекітілген салмаққа жетіп, оқшауланған күйде номер ішінде салмақ өлшеу рәсімін өткіздік. COVID-19-ға қайтадан ПЦР өткізуді өтіндік. Өкінішке орай бүгінгі нәтиже тағы да "оң" нәтиже көрсетті. Айналама, қоршаған ортама деген жауапкершілікті сезіне отырып, коронавирустың тез жұқпалы ауру екенін ескере отырып турнирден шеттетілдім. Егер дәл осы диагноз болмағанда қазіргі жағдайыммен-ақ маған 3 раунд та жеткілікті еді... Бірақ, амал қанша? Бүкіл әлемді дүрліктіріп тұрған мына дерттен аман болыңыздар! Ауырмаңыздар!", - деп жазды Жанқош өзінің Instagram парақшасында.

Дегенмен, бүгін Дубайда өтетін бокс кешінде тағы бір қазақстандық боксшы Тұрсынбай Құлахмет (2-0, 1 КО) Венесуэла өкілі Хебер Рондонға (20-0, 13 KO) қарсы шаршы алаңға шығатын болады. Бұл Тұрсынбай үшін кәсіпқой рингтегі үшінші жекпе-жек. Ол бүгін WBC International белбеуін қорғайтын болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу