Жанкүйер қауым эль-классиконы тағатсыздана күтіп жүр

3367

18 желтоқсанда Барселонаның "Ноу Камп" стадионында "Барселона" - "Реал Мадрид" арасындағы ойын өтеді.    

Жанкүйер қауым эль-классиконы тағатсыздана күтіп жүр

Барселона қаласы футболмен тыныстап тұр екен. Эль-классико деп аталатын "Барселона" мен "Реалдың" арасындағы ойын жанкүйер қауым үшін нағыз мереке.  

Бұл ойын - полиция мен жергілікті халықтың қақтығысына байланысты кейінге шегеріліп отырған матч. Әйтпесе, Испан Ла-лигасының 10-турында өтуге тиіс болған. Алайда 18 желтоқсанға шегеріліп, саяси жағдайдың тынышталуын күткен. Азаттық аңсаған халық бұл ойынның кезінде де өздерін бір көрсетіп қалмақ. Билік тарапы да бұл жағдайға дайындық жүргізіп, 3 мыңға жуық әскер бөлген екен.

Ал эль-классико осыған дейін 242 рет ойналыпты. 96 ойында "Барса" жеңсе, 95 кездесуде "Реал" басым болған. 51 ойын тең аяқталған. Көрсеткіштер бірдей десек болады. Сондықтан да атақты клубтар арасындағы айқас үнемі өзгеше өтеді. Жаңарған статистика, ғаламат голдар, тіркелген рекордтар, жанкүйер жүрегінде қалатын жайттардың барлығы осы эль-классикода болып жатады. Зинедин Зидан бастаған "Реал" бар мықтысын сайлап, дайындап әкеліпті. Заманымыздың заңғар футболшысы Леонель Месси де өз әріптестерін қайрап отырғаны сөзсіз.

"Барселона" шабуылшысы Антуан Гризманның сұхбатын оқыдық. "Бұл ойынды бүкіл әлем тамашалайды. Мен де үнемі теледидардан жібермей тамашалайтын едім. Енді міне, бұл жолы испан футболының басты матчына өзім де қатысқалы отырмын. Бар күшімді салып, жақсы ойнауға тырасамын" депті француз ойыншысы.

Ал кезінде "Барселонаның" намысын қорғаған атақты шабуылшы Самуэль Это`о бұл ойында "Барселона" жеңетініне сенімді. "Барселона" "Реалға" қарағанда мықтырақ. Мен екі клубты да сыйлаймын. Бірақ, жеңіс "Барселонада" болады деп ойлаймын", -деді ол.

Дегенмен, бұл ойында "Реал" жеңеді деп ойлайтындар да жетіп артылады. Ал ойынға төреші болып Эрнандес Эрнандестің тағайындалуы "блоу грананың" жанкүйерлерінің көңіліне күдік салды. Бұл төреші өткен жылы "Барселона" ойыншысы Серхио Робертоны алаңнан қуып, "Реалмен" болған ойын 2:2 тең аяқталған болатын. Ал Испан ла-лигасында бұл төреші 16 рет "Барселона" ойынында қазылық еткен. Соның тек 9-ында ғана "Барселона" жеңіске жетіпті. Сондықтан бұл төрешінің тағайындалуын каталониялықтар аса қатты жақтырып отырған жоқ. Тіпті кейбір жанкүйерлер оны саясаттың салқыны деп есептеп жүр.  

Не де болса, барлығы ойын барысында белгілі болады. Қазақстанда да бұл ойынды теледидар арқылы тамашалайтын қызуқанды жанкүйер көп.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу