Жанкүйерлер Томасовқа бөтелке лақтырды

2371

Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының 18-туры аясында "Астана" өз алаңында шымкенттік "Ордабасыны" қабылдады.

Жанкүйерлер Томасовқа бөтелке лақтырды

Кездесудің фавориті чемпиондар болғанымен, алғашқы минуттардан-ақ екі команда да алаңда тең ойнады. Кездесудің 38-минутында Сергей Хижниченко алғашқы болып есеп ашып, командасын алға шығарды. Үзілістен соң алаң қожайындары шымкенттіктерді қыса бастады. Ойынның негізгі уақытының аяқталуына алты минут қалғанда Алексей Щеткин есепті теңестірді. Бірақ, есеп теңескен соң Александр Симчевич пен Марин Томасов арасында түсініспеушілік орын алды. Дәл сол сәтте "Ордабасы" жанкүйерлері тарапынан белгісіз біреу бөтелке лақтырып, ол Марин Томасовтың басына тиді. Нәтижесінде, футболшы басын ұстай газонға құлады. Бұдан кейін ойын аяқталғанша ешқандай өзгеріс орын ала қойған жоқ. Сонымен, кездесу тең аяқталды.

Бүгінгі ойынның 1:1 есебімен аяқталғанына екі команданың да, әсіресе осы жазда Чемпиондар лигасының іріктеуіне қатысатын "Астананың" бас бапкері Михал Билек көңілі толмайтынын айтты. Ол алғашқы таймда тәртіп бұзушылық орын алғандықтан, төреші "Ордабасы" қақпасына екі мәрте айып добын белгілеу керек еді деп отыр.

"Біздің жеңіске жеткіміз келді. Бірақ, бүгін ойлағанымызды жүзеге асыра алмадық. Алғашқы таймда қарсыластарымыз жақсы ойнады. Ал үзілістен соң алаңда біз басым болдық. Бұдан да көп жұмыс жасауымыз керек. Меніңше, 1-таймда төреші қарсыластарымыздың қақпасына кем дегенде екі айып добын белгілеуі керек еді. Бірақ олай болмады", - деді Билек.

"Ордабасының" бас бапкері Кахабер Цхададзенің айтуынша оның командасы осы ойыннан соң екі ұпай жоғалтты. "Біз өте жақсы ойнадық. Кейбір мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана алмадық. Ойын барысында барлығын бақылауда ұстадық. Тең ойын жаман нәтиже емес деп ойлаймын. Бүгін командамыз мықты екенін көрсетті. Қалай болғанда да бізге босаңсуға болмайды. Қателіктермен жұмыс жасап, алға жылжуымыз керек", - деді Цхададзе.

Естеріңізге сала кетсек, биыл Қазақстан Премьер-лигасының ойындарын "Астана" өз алаңында емес Алматыда өткізуде.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу