Жансая Әбдімәлік Гран-при турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті

1452

Халықаралық жарысқа Қазақстан құрамасынан тек көшбасшылар - Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасова ғана қатысуда.

Жансая Әбдімәлік Гран-при турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті

Гибралтарда шахматтан әйелдер арасындағы Гран-при кезеңі аяқталуға жақын. Жарыстың аяқталуына бір тур ғана қалды. Бірақ жеңімпаз белгілі болды. Беделді жарыста қазақстандық Жансая Әбдімәлік мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Соңғы кезең алдында Жансая ресейлік Екатерина Лагномен кездесті. Ойын тең аяқталды. Бұл нәтиже қазақстандық шахматшы қыздың активіне тағы 0,5 ұпай қосуға мүмкіндік берді. Жалпы, он турдың қорытындысы бойынша Жансая сегіз ұпай жинады.

Қазақстандық шахматшы мен оның басты қарсыласы - Мария Музычуктен (Украина) ұпай айырмашылығы 1,5. Егер Жансая соңғы 11-турда жеңілген жағдайда да, оған қарсыластары ұпай санымен жете алмайды. Осылайша, ол осы турнирдің мерзімінен бұрын жеңімпазы атанды.

Айта кету керек, Гибралтардағы турнирде спортшының пассивінде бірде-бір жеңіліс жоқ. Бұл Гран-придің кезеңдерінде жеңіліп көрмеген жалғыз шахматшы.

Бір кезең бұрын Жансая еліміз үшін тарихи нәтижеге қол жеткізді. Шахматшы ауқымды жарыстардағы сәтті ойынының арқасында ерлер арасындағы гроссмейстерлердің нормасын орындады. Ол мұндай нәтиже көрсеткен алғашқы қазақстандық, сондай-ақ жалғыз Орталық Азия өкілі болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, Гибралтарда өтіп жатқан Гран-при турниріне Динара Сәдуақасова да қатысқан болатын және ол алғашқы кезеңде Жансая Әбдімәлікпен кездесті. Екі қазақстандық шахматшының кездесуі Жансаяның жеңісімен аяқталды. Содан кейін Динара Украина өкілі Мария Музычукқа да есе жіберді.

Жалпы Гран-при кезеңіне 12 шахматшы қатысуда және турнир бүгін, 2-маусым мәресіне жетпек.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу