Жансая Әбдімәлік: "Келесі Олимпиадада нәтижені жақсартуға тырысамыз"

1336

Үндістанның Ченнай қаласында Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамалары өнер көрсеткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы аяқталды. Жарыс аяқталған соң командалардың өкілдері баспасөз мәслихатына қатысып, турнирден алған әсерлерімен бөлісті.

Жансая Әбдімәлік: "Келесі Олимпиадада нәтижені жақсартуға тырысамыз"

Қазақстандық шахматшы қыздар жалпы есепте жеңіске үміткерлер қатарында болды. Бірақ турнирді бесінші орынмен аяқтады. Ерлер өз кезегінде үздік ондық қатарына бір қадам жетпей қалды. Олар жарысты 17-орынмен аяқтады.

"Жігіттер жақсы өнер көрсетті. Соңына дейін күресіп, үздік ондыққа үміткер еді. Ал қыздар бізді қуантты.  Олар соңғы айналымға дейін бірінші орында болды. Жансая әлемнің үздік шахматшылары арасынан үшінші орынға ие болды.  Бибісара өз рейтингінде төртінші орын алды. Ол бір де бір кездесуде жеңілген жоқ. Ерлер командасы да өте жоғары нәтиже көрсетті. Жалпы алғанда бұл тарихи көрсеткіш. Бұл қазақстандық шахмат үшін айтулы оқиға", – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Хұсайынов.

Айта кетейік, Қазақстанның ерлер құрамасының намысын қорғайтын Қазыбек Нөгербек, Әлішер Сүлейменов, Арыстанбек Оразаев және Мұртас Қажғалеев осыған дейін әлемдік рейтингте 40-орынға тұрақтағанымен, Олимпиада ойындарында 17-орыннан көрінді.

Команда өкілдерінің айтуынша, бұл елімізде шахматшылардың жаңа, мықты буынының пайда болғанын көрсетеді.

"Ерлер арасында бәсеке жоғарырақ. Бұл шындық. Барлығы негізінен ерлердің шахматын тамашалайды. Біздің елде қыздар алғашқы кезеңде өздерін жақсы көрсете бастады. Мен шахматпен 2006 жылдан бері айналысып келемін. Енді, міне  мықты ұрпақтың куәсі болып отырмын.. Бізде үздік 10-дық қатарына кіруге мүмкіндіктер болды. Бірақ сәттілік жетпеді. Келесі жолы жақсырақ өнер көрсетеміз деп ойлаймын", – деді команда ардагері Мұртас Қажғалеев.

Негізгі ойыншылардың жоқтығына қарамастан, Олимпиаданың алтын жүлдесі үшін соңына дейін күрескен әйелдер құрамасы ерлерге қарағанда әлдеқайда сәтті ойын өрнегін көрсетті. Команда құрамында еліміздің мықты шахматшы қыздары Жансая Әбдімәлік, Бибісара Ассаубаева, Ксения Балабаева және Гүлісхан Нахбаева ел намысын қорғады.

"Барлық матчтар оңайға соққан жоқ. Ең қиын матч Үндістан-1 командасына қарсы болды. Бұл БАҚ пен жанкүйерлердің назарын аударды. Өкінішке орай, біз кездесуде жеңіліп қалдық. Жеребе сәтті өтті деп айта алмаймын. Жанжал бізге әсер етті. Бұл ойын атмосферасына әсер етеді. Мен команданы жинап, қолдауға тырыстым. Егер команда толық құрамда болса, әлдеқайда жақсы өнер көрсетер еді. Бірінші орын алуымыз да мүмкін еді. Келесі Олимпиадада нәтижені жақсартуға тырысамыз", – деді ұлттық құраманың көшбасшысы Жансая Әбдімәлік.

Айта кетейік, Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында ел намасын қорғаған барлық шахматшылар мен бапкерлер Қазақстан шахмат федерациясынан 500 000 теңге көлемінде сыйақы алды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу