Жансая Әбдімәлік ширек финалға шықты

1643

Қазақстандық Жансая Әбдімәлік жылдам шахматтан өтіп жатқан Әлемдік турнирдің ¼ финалына жолдама алды.

Жансая Әбдімәлік ширек финалға шықты

Шахматтан Қазақстан Ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі Жансая қазіргі таңда онлайн режимде өтіп жатқан Халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетуде. Алғашқы кездесуде қазақстандық шахматшы қыз Перу өкілі Дэйзи Кориге қарсы ойнады. Екі спортшы арасында өткен кездесу Жансаяның айқын жеңісімен, яғни 8:4 есебімен аяқталды. Келесі айналымда ол Әлемнің төрт дүркін чемпионы қытайлық Хоу Ифаньға қарсы ойнайды.

Сонымен қатар турнирдің 4-кезеңінде тағы бір қазақстандық Бибісара Асаубаева бақ сынауда. Алайда ол келесі айналымға өте алмады. Себебі кездесу барысында ресейлік Александра Костенюкке 5:7 есебімен жол берді. Бұған дейін өткен үш айналым нәтижесі бойынша украиналық Анна Ушенина 22 ұпаймен жалпы есепте көш бастап тұр. Екінші орында 20 ұпай жинаған ресейлік Катерина Лагно, 20 ұпаймен тағы бір ресейлік Валентина Гунина 3-орында келеді.

Естеріңізге сала кетсек, Бибісара турнирге іріктеудің 4-кезеңінен бастап қатысты және осы айналымда барлығы 172 шахматшы бақ сынады. Енді олардың екеуі ғана Гран-приге жолдама алды. Бұған дейін Бибісара ерлер арасында халықаралық дәрежедегі шебер атағын иеленген болатын.

Сондай-ақ Жансая Әбдімәлік Әлемдік турнирге шақырту алған тоғыз шахматшының бірі. Турнир 24-шілде күні басталған болатын. Жарыстың шешуші айналымы – ол суперфинал. Онда ең үздік екі шахматшы өзара сайысқа түседі.

Ермұхамед Мәулен

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу