Жапондық ештеңе істемеуді табыс көзіне айналдырды

2824

Ол пайдасыздықты сүймейтін қоғамда серік іздеген адамның қасынан табылғаны үшін ақы алады.   

Жапондық ештеңе істемеуді табыс көзіне айналдырды

Шоджи Моримотоның кейбіреулер армандаған жұмысы бар. Ол – ештеңе істемеу.

38 жастағы Токио тұрғыны клиенттермен бірге болып, олардың қасында жай ғана серіктес ретінде жүргені үшін 10 000 иен (71 доллар) алады.

"Негізінен, мен өзімді жалға беремін. Менің жұмысым – клиенттерім қалаған жерде болып, ештеңе істемеу", – дейді Моримото Reuters агенттігіне соңғы берген сұқбатында.

Ол соңғы төрт жылда осындай 4000-ға жуық сессия өткізіп, зеріккен немесе жалғызсыраған әлде қолдау іздеген адамдардың қасынан табылған.

Арықша келген, келбеті қарапайым Моримотоға бүгінде Twitter-де миллионға жуық адам жазылыпты. Солардың арасынан ол өзін брондайтын клиенттердің көпшілігін табатынын жасырмай, бұл жетістігін мақтан тұтады. Осы миллионның төрттен бірі – Моримотоның тұрақты клиенттері екен. Солардың ішінде бос жүруді кәсіпке айналдырған жігітті 270 рет жалдаған адам бар.

Бұл жұмысы оны әткеншек тепкісі келген адаммен паркке жеткізді. Сонымен қатар Моримото бірде пойыздың терезесіне қарап, күлімдеп, өзін біреу шығарып салуды қалаған адамға қол бұлғады.

Ештеңе істемеу Моримотоның бірдеңе істейтінін әлбетте білдірмейді. Ол тоңазытқыш жылжыту немесе Камбоджаға бару туралы ұсыныстардан бас тартқанын және сексуалдық сипаттағы өтініштерді мүлде қабылдамайтынын айтады.

Өткен айда Моримото сари киген 27 жастағы Аруна Чидамен бірге отырып, шай ішіп, торт жеп, ептеп әңгімелесті.

Чида үнді киімін көпшілік алдында кигісі келді, бірақ достарынан ұялыпты. Сондықтан қолдау іздеп, Моримотоға хабарласып, серіктес болуды өтінген.

Моримото бұл кәсіпті таппай тұрып, баспа компаниясында жұмыс істеген және ол жерде "ештеңе істемейсің" деген сөзді жиі естіпті.

"Сондықтан клиенттерге қызмет ретінде "ештеңе істемеу" қабілетімді ұсынсам, не болатыны жайында ойлана бастадым", – дейді Моримото.

Серіктестік бизнесі – қазір Моримотоның жалғыз табыс көзі. Ол ештеңе бітірмей-ақ әйелі мен баласын асырап отыр. Жапондық қанша табыс табатынын айтудан бас тартқанымен, күніне бір-екі клиентке серік болатынын жасырмайды. Ал пандемияға дейін күніне үш-төрт адаммен кездескен.

Токиода еш нәрсемен айналыспай күнін өткізетін Моримото көпке таңсық жұмысының оғаштығын ой елегінен өткізе келіп, өнімділікті бағалайтын және пайдасыздықты мазақ қылатын қоғамға күмән келтіретін сияқты.

"Кейбір адамдар менің "ештеңе істемеуім" пайдалы (басқаларға) болғандықтан оны құнды деп ойлайды... Шынында да түк бітірмеген жақсы. Адамдардың қандай да бір нақты жолмен пайдалы болуы міндетті емес қой", – дейді Моримото.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу