Жапония алғаш рет қазақ мұнайын Германияға жеткізді

3019

Энергетикалық нарық жаңалықтарына шолу ұсынамыз.

Жапония алғаш рет қазақ мұнайын Германияға жеткізді Фото: news.myseldon.com

Жапонияның Inpex компаниясы өткен айда Қашаған кешіндегі өз үлесінен алғаш рет немістің мұнай өңдеу зауытына шикізат жеткізді. "Қара алтын" Германияға Ресейдің "Дружба" құбырымен жіберілген. Мұны "Рейтер" агенттігі хабарлады.

Дегенмен, жапондық кәсіпорын тасымалдаудың сәуірде сынақ ретінде жүзеге асырылғанын, бірақ мамырда қайталанбайтынын мәлімдеген.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Қазақстанның "Дружба" арқылы Еуропаға мұнай экспортын күшейтіп жатқанын білдіреді және керісінше жағдайда, Еуропа одағының Ресей мұнайына жариялаған эмбарголарына байланысты бұл құбыр босап қалар еді.

Қазақстан халықаралық теңіз жолдарына тікелей шыға алмайды. Сондықтан оның мұнайының орасан бөлігі Ресей арқылы шетелге экспортталады.

Израиль экологиялық қауіпке қарамастан өзінің Қызыл Теңіздегі Эйлат портында мұнай танкерлерін көбірек қабылдауды жоспарлап отыр. Бірқатар бақылаушылардың ойынша, еврей мемлекетінің мұндай шешім қабылдауына "Хамаспен" арадағы соғыс себепші.

Сол қарулы қақтығыстар нәтижесінде Израильге ливандық "Хезболла" мен Ирактағы, Йемендегі ираншыл қарулы топтар тарапынан шабуылдар жасалып, энергетикалық  шикізкат тасылмалдауға қауіп төніп отыр. Бұл жағдай экономикалық өсімді сақтауға кедергі жасауы мүмкін.

Жаңа жоспарға сәйкес, Эйлат жағасына енді ондаған миллион тонна мұнай тиелген 50 шақты кеме аялдауы керек. Ал бұған дейін олардың орташа саны екеу болатын.

Израильдің Экология министрлігі бұл өзгеріске қарсы. Оның сөзінше, осы танкерлерден теңізге аз ғана мұнай төгілетін болса, маржантастар рифіне зиян тимек. Ал тасымалдаушы компаниялардың сөзінше, мұнай танкерлерін қабылдап тұрмаса, Эйлат порты құлдырауы мүмкін.

Айта кетсек, Израильдің барлық саудасы, соның ішінде энергия импорты, теңіз жолдарымен жүзеге асады.

Kpler сараптамалық компаниясының дерегінше, 2023 жылы Израиль 267 мың тонна мұнай импорттаған екен. Соның көбі Қазақстаннн, Әзербайжаннан, Күрдістаннан сатып алыныпты.

ОПЕК+ кешенді келісім бойынша жұмыс істеп жатыр. Ол осы ұйымның жексенбі күні өтетін кездесуінде мақұлдануы керек. Бұл құжатқа сәйкес, мұнай өндірісін терең қысқартулар мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуы керек.

2022 жылдың соңында ОПЕК+ АҚШ пен өзге елдерде өндіріс өскендіктен және кейбір ірі экономикалар жоғары пайыздық стакалармен күрескендіктен, өндірісті бірнеше рет қысқартты.

Сауд Арабиясы басқаратын Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен ОПЕК+ деп аталатын Ресей бастаған одақтастар қазір өндірісті тәулігіне 5,86 миллион баррельге қысқартып отыр. Бұл – әлемдік сұраныстың шамамен 5,7%-ы.

Осының 3,66 миллион баррелі 2025 жылға дейін ОПЕК+ альянсына мүше елдер тарапынан, 2,2 миллион бөшкесі үшінші немесе төртінші тоқсанда кейбір мемлекеттердің ерікті түрде азайтуы есебінен жүзеге аспақ.

Мұнай өндірісін ерікті түрде терең қысқартуға барғандардың ішінде Алжир, Ирак, Қазақстан, Кувейт, Оман, Ресей, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу