Жапонияның INPEX мұнай-газ компаниясы Қазақстан мен Әзербайжанда өндірілетін мұнайды енді бірінші кезекте Жапонияның ішкі нарығына жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Yomiuri Shimbun басылымының хабарлауынша, бұл Ормуз бұғазы маңындағы жеткізілімдермен байланысты алаңдаушылықтың күшеюі себебінен қарастырылып отыр. Қазір Жапония мұнайдың 90%-дан астамын Таяу Шығыс елдерінен импорттайды, сондықтан компания жеткізу көздерін әртараптандыруға ұмтылуда.
Қазақстан мен Әзербайжаннан жеткізілетін мұнайды Қызыл теңіз және Жерорта теңізі арқылы тасымалдауға болатыны айтылған. Қазақстан мен Әзербайжанның мұнайы қасиеттері бойынша Таяу Шығыста өндірілетін қара алтынға ұқсас сенімді балама ретінде қарастырылып отыр. Әзербайжаннан жеткізілім мерзімі 25-50 күн болса, ал Қазақстаннан 35-55 күнге созылады. Бұл Ормуз бұғазы арқылы өтетін шамамен 20 күндік дәстүрлі маршрутқа қарағанда ұзағырақ екені белгілі. Тасымал шығындары артып, жеткізу уақыты ұзарғанымен, Жапония үшін бұл жеткізілімнің тұрақтылығы үшін төленетін баға.
INPEX компаниясының Қазақстандағы Қашаған кен орнында үлесі бар және ол Әзербайжандағы "Азери-Чыраг-Гюнешли" жобасына қатысады. Бұған дейін бұл кен орындарынан өндірілген мұнайдың басым бөлігі споттық келісімдер арқылы Еуропаға жөнелтілетін. Сонымен қатар, Жапония Оңтүстік Америкадан мұнай сатып алу мүмкіндігін кеңейтуді, АҚШ-тан импорт көлемін арттыруды қарастырып жатыр.