Жапония зілзала мен цунами құрбандарын еске алып жатыр

3005

2011 жылы наурыздың 11-інде елдің солтүстік-шығысында жер сілкінгенде, теңізде көтерілген алапат толқын жағалауға соққы беріп, мыңдаған адамды мерт қылды.  

Жапония зілзала мен цунами құрбандарын еске алып жатыр

Бүгін Жапония  жұрты елдімекендер мен қалаларды жермен-жексен етіп, Фукусимада әлемдегі Чернобыль дәуірінен бергі ең сұрапыл ядролық апатты туындатқан алапат жер сілкінісі мен цунамиді еске алып, оның 20 мыңдай құрбанын жоқтап жатыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

9,0 баллдық зілзалдан кейін көтерілген биіктігі 17 метр алып толқын (тарихтағы ең күшті толқындардың бірі) Фукусиманың Даичи атом электр станциясына соққы бергенде, ауаға радиация тарап, 160 000-нан астам тұрғын үйлерін тастап, беті ауған жаққа қашуға мәжбүр болды.

Содан бері жапон үкіметі цунамиден зардап шеккен аймақты қалпына келтіруге шамамен 300 млрд доллар (32,1 триллион иен) жұмсаған екен. Бірақ Фукусима АЭС-нің айналасындағы аудандар жабық күйінде қалып, радиация деңгейіне қатысты алаңдаушылықтар әлі күнге дейін сақталып, көптеген адам басқа жерлерге қоныс аударды. Қираған зауытты мүлде істен шығаруға ондаған жылдар мен миллиардтаған доллар қажет болып отыр.

Фукусима АЭС-нен оңтүстікке қарай 50 шақырым жерде орналасқан Иваки қаласында ядролық бекетті істен шығаратын жұмысшылар ғана емес, мейрамхана иесі Ацуси Ниидзума да тұрады. Ол да бүгін цунамиден қайтыс болған анасына дұға етті.

"Мен анама балаларымның амандығы мен отбасымыздың қауіпсіздігі үшін алғыс айтқым келеді", – дейді 47 жастағы Ниидзума "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында

Жер сілкінісі күні оның анасы Мицуко немерелерін бақылап отырған. Бір сәтте балалар көлікке қарай жүгіреді. Ал, содан кейін үйге заттарын жинауға оралған Мицуконы толқын шайып әкетеді. Оның денесі бір айдан кейін ғана табылған.

Құрбандарды еске алу

Император Нарухито мен премьер-министр Йошихидэ Суга Токиода өткен қаралы рәсімде қаза тапқандарды еске алса, зілзаладан ең көп зардап шеккен солтүстік-шығыста табиғи апаттың 10 жылдығына қатысты өзге де іс-шаралар жоспарланып отыр. Айта кетсек, арада осынша уақыт өтсе де ,40 000-ға жуық адам - әлі қоныс аударушылар санатында.

Сағат 2: 46-да, яғни, он жыл бұрын жер сілкінісі болған сәтте, Император Нарухито мен оның зайыбы құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алды және үнсіз дұғалар бүгін бүкіл елде жасалды.

Мемориалдық шараға қатысушылар коронавирус жұқтырудан қауіптенгендіктен, ұлттық әнұранмен бірге қаралы ән айтудан да бас тартып, бетперде киіп, бір-бірінен алыс тұрды.

"Жақындары мен достарын жоғалтқандарды ойлағанда, бұған төзу қиын екенін түсінемін. Осы апаттан зардап шеккендердің барлығына шын жүректен көңіл айтқым келеді", – деді үкімет басшысы Суга өлімді әлі алдын-ала болжау мүмкін еместігін мәлімдей отырып.

Жапонияда ядролық қуаттың энергетикалық баланстағы рөлі тағы да талқыланып жатыр. Өйткені табиғи ресурстары тапшы ел жаһандық жылынумен күрес мақсатында 2050 жылға қарай таза көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге тиіс. Бірақ NHK қоғамдық телеарнасының сауалнамасы халықтың 85% - ы ядролық апаттарға алаңдайтынын көрсетіп берді.

11 наурыз оқиғасынан кейінгі атом энергиясына қарсы демонстрациялар сейілгенімен, сенімсіздік әлі де сақталуда. Кейбір антиядролық белсенділер бейсенбі күні кешке Токио Электр Қуаты (TEPCO) операторына наразылық білдіруді жоспарлап отыр.

Күн сайын 5000-ға жуық жұмысшы Фукусима станциясын бөлшектеу үшін оның қақпасынан өтеді. АЭС реакторларында әлі 880 тонна балқытылған отын қалдығы бар.

Станция операторы -TEPCO бұл жұмыс ондаған жылдарға созылады десе, сыншылар станцияны жарамды күйге қайтару үшін бір ғасырдай уақыт қажет болатынын айтады.

Жапонияда қалған 33 коммерциялық реактордың тек тоғызын ғана Фукусима апатынан кейінгі қауіпсіздік стандарттарына сәйкес іске қосуға рұқсат берілсе, төртеуі қызметіне қайта кіріскен. Ал, 2011 жылғы трагедияға дейін мұнда 54 реактор жұмыс істеген.

Ядролық қуат 2020 жылдың бірінші жартысында Жапонияның энергетикалық қажеттіліктерінің тек 6% - ын қамтамасыз етсе, қайта жаңаратын энергияның үлесі 23,1% -ға жеткен. Яғни, бұл мемлекеттің қазба отынға мұқтаждығы 70 пайызға жақын. Салыстырып көрсек, Германияның энергетикалық секторында қоршаған ортаға зиянсыз отынның үлесі  - 46,3%.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу