Рәсім 19 қыркүйекте Ойындардың ашылу салтанаты ұйымдастырылған Paloma Mizuho Stadium стадионында өтті.
Жабылу рәсімінің негізгі тұжырымдамасы "HEART BEAT Aichi-Nagoya" деп аталды. Ол адамзаттың ортақ ырғағы мен Азия елдерінің бірлігін бейнелейді және "IMAGINE ONE ASIA" ұранымен үндеседі. Ашылу және жабылу салтанаттарының бас режиссері жапониялық Юкихико Цуцуми болды.

Ресми бөлімге дейін көрермендерге музыкалық және мәдени бағдарлама ұсынылды. Шара барысында Жапонияның өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Жабылу салтанатында спортшылардың дәстүрлі шеруі де өтті. Қазақстанның туын 16 жастағы гимнаст Ақмарал Ерекешева алып шықты. Ол Азия ойындарына алғаш рет қатысып, жекелей көпсайыстың финалына бірінші орынмен жолдама алғанымен, шешуші бәсекеде төртінші орынға тұрақтады.

Салтанатты шараға Жапонияның тақ мұрагері ханзада Акисино мен ханшайым Кико, Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті шейх Джоан бин Хамад Әл Тани және Қатар Премьер-министрі шейх Мұхаммед бин Абдулрахман Әл Тани қатысты.
Азия Олимпиадалық кеңесі Ойындардың үздік спортшыларын да анықтады. Әйелдер арасында бұл атақ Қытайдың 13 жастағы жүзгіші Юй Цзыдиге берілді. Ол үш алтын медаль жеңіп алып, Азия ойындарының үш рекордын және бір Азия рекордын жаңартты.
Ерлер арасында үздік спортшы атағын Таиланд өкілі Пурипол Бунсон иеленді. 20 жастағы жеңіл атлет 100 және 200 метрге жүгіруден алтын медаль жеңіп, жарыс барысында Азия ойындарының рекордын төрт рет жаңартты.
Жабылу рәсімінің маңызды бөлігі Азия ойындарының эстафетасын келесі қабылдаушы елге тапсыру болды. Азия Олимпиадалық кеңесінің туы Қатар өкілдеріне табысталып, 2030 жылғы Азия ойындарын қабылдайтын Доха қаласына Ойындардың алауы берілді.

Қатар астанасы Азия ойындарын екінші рет қабылдайды. Бұған дейін Дохада құрлықтық дода 2006 жылы өткен.
Салтанат соңында Paloma Mizuho Stadium стадионында XX жазғы Азия ойындарының алауы сөндірілді.
Биылғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтті. Жарыс бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізіліп, 469 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Қазақстан құрамасы Жапониядағы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады. Ұлттық құрама 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады. Осылайша, Қазақстан Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда үш сатыға жоғары көтерілді.