Жапонияда Big Drama

1102

Бұл Геннадий Головкиннің биылғы алғашқы жекпе-жегі болмақ.

Жапонияда Big Drama

Бүгін IBF және IBO бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) WBA Super белбеуінің иегері жапониялық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) 29 желтоқсанда Жапонияда жекпе-жек өткізетінін ресми түрде хабарлады.

"Жапонияда Big Drama. 29 желтоқсанда кездескенше", – деп жазды GGG Instagram парақшасында.

Жаттығу жиынын өткізіп жатқан GGG үшін бұл DAZN-мен жаңартылған келісім жасалғаннан кейінгі биылғы алғашқы жекпе-жек болмақ. Бұған дейін кездесудің Токиодағы Saitama Super Arena-да өтетіні белгілі болған еді. Былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға жергілікті уақыт бойынша түсте шығады деп күтілуде. Өйткені оны АҚШ уақыты бойынша кешке көрсету қажет.

GGG жанкүйерлерді керемет жекпе-жек күтіп тұрғанын атап өтті.

"Мен Big Drama бокс кешінің Жапонияда өтетініне қуаныштымын. Себебі мұнда бокс кең тараған спорт түрі. Мурата  өте мықты чемпион. Біз рингте кездесіп, титулдарымызды біріктіретін болсақ, бұл ерекше кеш болады. Жанкүйерлерге тамаша жекпе-жек көрсеткіміз келеді", – деді Головкин DAZN-ға берген сұхбатында.

Орта салмақтағы WBA Super белбеуінің иегері жапониялық Риота Мурата (16-2, 13 КО) жекпе-жек алдында IBF және IBO чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинге (41-1-1, 36 КО) тәнті екенін жасырмады.

"Бүкіл әуесқой және кәсіпқой бокстағы мансабым Геннадий Головкинмен кездесуге дайындық болды деп ойлаймын. Бұл жекпе-жек менің орта салмақтағы және бокс тарихындағы орнымды анықтайды. Геннадий Головкин ұзақ уақыттан бері орта салмақтағы ең үздік боксшы. Мен үшін ол әлі жеңіліп көрген жоқ. Оны қатты құрметтеймін. Пандемияға байланысты соңғы жекпе-жегімнен бері екі жылға жуық уақыт өтті. Бірақ бапкерлеріммен бабымды жақсарту және соққыларыма көбірек күш қосу үшін көп жұмыс істеп, уақытты босқа өткізген жоқпын. Жекпе-жектің Жапонияда өтетінін мақтан тұтамын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе", – деді Риота Мурата.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу