Дзюдодан Жапонияда өткен “Үлкен дулыға” турнирінде бақ сынаған Қазақстан құрамасының бірде-бір спортшысы жүлдеге іліне алмады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2024 жылдың ересектер арасындағы соңғы халықаралық турнирінде өнер көрсеткен дзюдошыларымыздың барлығы жарыс жолынан ерте шығып қалды. Ерлер арасындағы Шерзод Давлатов, Дәурен Сюкенов (-60 кг), Бақытжан Абдурахманов (-73 кг), Жалғас Қайролла (-81 кг), Әділет Сапарғалиев (-100 кг) бәрі алғашқы белдесулерінде ұтылса, 90 келідегі Мейірлан Максим ғана жарыстың жүлдесі үшін жапон дзюдошысы Комеи Кавабатамен күш сынасып, жеңіліс тапты.
Осылайша ұлттық құраманың 11 дзюдошысының арасынан тек біреуі ғана жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.
Айта кетейік, әйелдер арасында Толғанай Әбеуова (-52 кг), Дана Әбдірова (-57 кг), Самалай Ерғалиева (-63 кг) және Назгүл Маратова мен Карина Такиева (+78 кг) өнер көрсетті.