Сауалнама 15-16 мамыр күндері өтті. Респонденттердің тек 12,6 пайызы ғана көрермен санын шектей отырып ойындарды өткізуді қолдады. Ал 25,2 пайызы іс-шараларды жанкүйерлерсіз өткізуге шақырды.
Жалпы Жапония тұрғындары Олимпиада ойындарын осы жазда өткізуге мүлдем қарсы. Бұл вакцинацияның өте баяу қарқынымен жүріп жатқаны, аурулар санының күрт өсуімен және денсаулық сақтау жүйесінің ерекшеліктерімен байланысты. Аурудың күрт өсуі кезінде ауруханаларда орын жеткіліксіз.
Осакада тәулігіне 800-1000 адам коронавирус жұқтырған кезде ауруханалар ауыр және орташа жағдайдағы барлық науқастарды қабылдай алмады. Соңғы апталарда коронавирустың салдарынан ауыр науқастарды емдеуге арналған реанимация бөлімшелеріндегі 356 орынның 90%-дан астамы бос емес. Адамдар ауруханада орын күтіп, тиісті медициналық көмексіз үйде отыруға мәжбүр болған кезде өлім-жітім көбейді.
Осыған қарамастан, жексенбіде Токиода Паралимпиадалық ойындардың басталуына 100 күн қалуына байланысты салтанатты жиын өтті. Оның барысында ұйымдастырушылар және Халықаралық Паралимпиадалық комитеттің басшысы Эндрю Парсонс Олимпиаданы өткізуді қолдайтынын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, Токиода өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындары коронавирусқа байланысты бір жылға шегерілген болатын. Олимпиада 23-шілде мен 8-тамыз аралығында, ал паралимпиада 24-тамыз бен 5-қыркүйек аралығында өтеді. Биылғы төртжылдықтың басты додасы спорт түрлері бойынша (33 спорт түрі) ең үлкен олимпиада болмақ. Ал паралимпиадалық ойындарда бадминтон мен таэквондо алғаш рет өтеді және бастапқыда 10-12 мың спортшы қатыстыру жоспарланған болатын. Алайда коронавирусқа байланысты қатысушылар азайды. Оған қоса спортшылармен бірге келетін адамдардың саны да қысқарды. Биыл наурызда Олимпиада шетелдік жанкүйерлерсіз өтеді деп шешілді. Ал жапониялық жанкүйерлер туралы шешім әлі қабылданған жоқ.
Ермұхамед Мәулен