Жаппай қырылуға адамдардың іс-әрекеті себепші

5229

БҰҰ Бас хатшысы әлем елдерін табиғатқа қарсы соғысты тоқтатуға шақырды. 

Жаппай қырылуға адамдардың іс-әрекеті себепші

Желтоқсанның 2-13 аралығында Испания астанасы Мадридте БҰҰ-ның Климаттық конференциясы жұмыс істейді. Онда дүниежүзінің 200-дей мемлекетінен жиналған делегаттар 2015 жылы қабылданған Париж климаттық келісімін 2021 жылға дейін жұмыс істейтін күйге жеткізу мәселелерін талқылай бастады.

Конференцияда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйлеп, соңғы ғылыми деректерді келтіре отырып, атмосфераға тараған улы газ мөлшерінің соңғы 3 миллион жылда байқалмаған деңгейге жеткенін ескертті.

12 күндік келіссөздерге үкімет шенеуніктері, ғалымдар, қоршаған орта жанашырлары қатысып жатыр. Әлемдік жиын қарсаңында швециялық жасөспірім Грета Тунберг делегаттарға экологиялық проблеманы шешудің өзіндік стандартын айқындап берді. Ол Құрама Штаттардан Еуропаға ұшақпен емес, шағын командасымен бірге La Vagabonde атты желкенді қайықпен бара жатыр.

Тунберг Мадридке конференция басталғанша жетіп үлгеріп, әлем лидерлеріне өскелең ұрпақты, яғни, оның замандастарын ең қауіпті ғаламдық жылынудан қорғау үшін не бітірдіңіздер деген сауал тастамақ.

Жұма күн бүкіл әлемде миллиондаған адам шеруге шығып, жер шары мемлекеттерінің үкіметтерін климаттың өзгеруін тоқтатуға белсенді түрде күш салуға шақырды.

Биыл Нобель сыйлығына ұсынылған Тунберг Давоста индустрия титандарына және Біріккен Ұлттар Ұйымында мемлекет басшыларына ұрысқанда, оларды бір мезгіл ғылымға назар аударуға шақырды. Бірақ, сол ғылымға жүгінсек, ғаламдық жылынуды зерттеу адамзаттың жарқын емес, түнерген болашағы туралы ғылымға айналып отыр.

Шегінерге жол жоқ

Соңғы бір жылда Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған төрт баяндамаға жүгінсек, Жердің климаттық жүйесіне араласудың зардабынан құтылатын мүмкіндік азайып келеді.

"Шындығында, біз планета өртеніп жатқанда басымызды құмға жасырған буын болып тарихта қалғымыз келе ме? Он жыл бұрын әлем елдері ғылымға сүйеніп, әрекет еткенде, қазір улы газды жылына 3,3 пайызға қысқартуға тиіс болар едік. Енді оны жыл сайын 7,6 пайызға төмендетіп отыруымыз қажет. Климаттың жылыну әсері планетаға апат әкеледі. Сондықтан, мемлекеттер, үкіметтер, қалалар, аймақтар, кәсіпорындар, азаматтық қоғамдар бұл проблеманы еңсеру үшін ортақ мақсатқа жұмылулары керек. Шегінерге жол жоқ. Табиғатқа қарсы соғысты тоқтатуымыз керек. Бұл қолымыздан келетін іс" , - дейді Гутерриш.

Бұл зардап қазірдің өзінде де сезіліп отыр, әрі қарай тіпті ауырлай бермек. Мәселен, ауаның температурасы индустриалдық дәуірге дейінгі дәрежеден Цельси өлшемі бойынша 1 градусқа көтерілгеннің өзінде теңіздердің деңгейі жоғарылап, тропикалық дауылдар жиілеп, талай адамның өмірін жалмап жатыр.

Сонымен қатар, мұхиттарда осындай циклондарды туындатуға жеткілікті жылы кеңістік кеңейіп, жер шарының кейбір аймақтарын жермен-жексен етіп отыр - бұрын штормдарға ұрына қоймаймын Мозамбиктің өзі биыл жауындатқан дауылдардың соққысына екі рет ұшырады.

Оңтүстік Азияда муссон жаңбырлары қолайсыз уақытта жауып, не тым көп, не тым аз ылғал түсіретін болды. Ал, соңғы 18 айда Шығыс Азияны, Еуропаны, Солтүстік Американы аптап ыстықтан мыңдаған адам жан тәсілім етті. Ғалымдардың ескертуінше, полюстердегі жылыну дәрежесі ғаламдық орташа нормадан екі есеге артып, инфрақұрылымдарға орасан зиян тигізіп, ормандарды жиірек қаулататын болды. Мұның бәрі зор апаттардың хабаршысы іспетті.

Болжамдарға қарағанда, улы газ қазіргідей тарай беретін болса, 2100 жылға дейін планетаның үсті тағы 3-4 градусқа жылымақ. Тіпті Мадридте бас қосатын елдер Париж климаттық келісіміне сәйкес зиянды қалдықтарды азайту міндеттемелерін орындағанның өзінде, бүгінгі температураға  кемінде тағы 2 градус қосылуы мүмкін.

Жаппай қырғын

Былтыр қазан айында сарапшылардың климаттық өзгеріс жөніндегі үкіметаралық тобы жариялаған 1000 беттік "арнайы баяндамаға" жүгінсек, әлемді күннің мөлшерден тыс жылынуынан қорғау үшін артық температураны 1,5-2 градустан асырмау керек.

Тіпті жарты градустық жылынудың да зардабы орасан. Ал, маңайында жарты миллиард адам мен теңіз түрлерінің төрттен бірі өмір сүретін тропикалық маржантастардың 70 %-ы ғаламдық температураға 1,5 % қосылғанда жойылып кетпек. Ал, Үлкен маржантастар рифінің жартысы қазірдің өзінде жоғалып кетсе, 2 градуста олардан ештеңе қалмауы мүмкін.

Баяндама адамзат энергиядан бастап барлық өнім түрлерін шығару, тарату және тұтыну жолдарын өзгертуге тиіс деген қорытындыға келіп отыр.

Биыл мамырда БҰҰ тағы бір зерттеуін жариялады. Онда айтылғандай, жер шарында бір миллиондай түр жойылуға жақын. Сонымен қатар соңғы жарты миллиард жылда кенеттен келген табиғи апаттардан планетада талай түр жаппай қырғынға ұшырап, барлық тіршілік формаларының үштен екі бөлігі жаңа жағдайға бейімделе алмай кеткен.

Зерттеушілердің есебінше, бүгінгі жаппай қырылуға адамдардың іс-әрекеті себепші. Қоршаған ортаға жанашырлықтың кемдігінен түрлер тиісті нормадан 10 тіпті 100 есе тез жойылып жатыр.

Климаттық өзгеріс жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы тамызда өзге бір баяндамасын шығарды. Оған сүйенсек, адамзат жерді ормансыздандыру, тұрақсыз ауылшаруашылығы және экожүйені құрту арқылы құнарсыздандырып жатыр.

Көміртегігінің ауаны ластауына ғаламдық азық-түлік жүйесі де жауапты. Біріккен Ұлттар Ұйымының ескертуінше, 2050 жылға дейін 10 миллиард адамды асырауға кепілдік беру үшін бұл жүйе бастан-аяқ өзгеруі қажет.

Алғашқы конференциядан бері...

Бірікккен Ұлттар Ұйымының климаттық конференциясы алғаш рет 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өтті.  Содан бері Гренландия 5,2 триллион тонна мұзынан айрылған. Ал, Nature журналының дерегінше, 1992-2017 жылдар аралығында Антарктиканың мұзы 3 триллион тоннаға азайды. Сонымен қатар, АҚШ-тың Ұлттық Мұхит және Атмосфера Әкімшілігінің зерттеуінше, кейінгі 27 жылда әлемдік мұхиттың деңгейі 78,3 миллиметрге көтерілген.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу