"Жаппай қырып-жоятын қару табылмады": АҚШ әскері Ирактан 23 жылдан соң кетті

2003 жылы "Ирак еркіндігі" әскери операциясымен басталған америкалық әскери миссия осылайша аяқталды.

"Жаппай қырып-жоятын қару табылмады": АҚШ әскері Ирактан 23 жылдан соң кетті Фото: Hadi Mizban/AP Photo

Соғыстың басталуына себеп болған уәждің жалған екені анықталса да, оның салдары ауыр тигені белгілі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, 2026 жылдың 30 қыркүйегінде АҚШ-тың соңғы әскери қызметшілері Ирактан кетті.

2003 жылы АҚШ пен оның одақтастары Иракқа басып кіріп, елдегі диктатор Саддам Хусейннің режимін құлатқан еді. Сол кездегі АҚШ президенті Джордж Буш кіші әкімшілігі Хусейнді "жаппай қырып-жоятын қару жасап жатыр және халықаралық қауіпсіздікке қауіп төндіреді" деп айыптады. Десе де, Ирак аумағынан мұндай қару табылмады. Режим құлатылғаннан кейін Саддам Хусейн Ирак сотының үкімімен өлім жазасына кесіліп, кейін дарға асылды.

Ирактағы соғыс салдарынан 4431 америкалық әскери қызметші қаза тапты. Мыңдаған әскери қызметші жараланды.

Ел ұзақ жылдар бойы хаос жағдайында қалды. Кейін Ирак аумағының едәуір бөлігін "Ислам мемлекеті" террористік ұйымы басып алды. АҚШ өз әскерін 2011 жылы Ирактан шығарғанымен, үш жылдан кейін Ирак қарулы күштеріне ИМ-мен күресте қолдау көрсету үшін елге қайта оралды. Соңғы уақытта Ирактың солтүстігінде америкалық бірнеше жүз ғана әскери қызметші қалған еді.

Қазір Иракты премьер-министр Али әз-Заиди бастаған сайланған үкімет басқарып отыр. Вашингтон мен Бағдад америкалық әскери миссияны тоқтату туралы 2024 жылы-ақ келісімге келген. Енді бұл келісім толық жүзеге асып отыр.

Қауіпсіздік саласының сарапшылары "америкалық әскердің шығарылуы Иранның Ирактағы ықпалын кеңейтуіне мүмкіндік беруі мүмкін" деп қауіптенеді.

Сонымен қатар, "Ислам мемлекетінің" тірі қалған содырлары қалыптасқан жағдайды пайдаланып, қайта күшеюі ықтимал деген де алаңдаушылық бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу