Моджтаба Хаменеидің мәлімдемесі мемлекеттік телеарнаның эфирінен таратылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар, мәтіні жергілікті БАҚ-та да жарияланған. Десе де, аятолла камераның алдына өзі шықпады. Бұл – Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысының осы лауазымға сайланғаннан бергі бірінші рет көпшілікке мәлімдеме жасауы.
– Жауынгер бауырлар! Халық қорғануды талап етіп отыр. Ормуз бұғазы сияқты қысым көрсету құралын бұдан әрі де қолдана беру керек, – деді жаңа сайланған аятолла.
Сондай-ақ, ол Иранның сыртқы агрессияға берілмейтінін жеткізді. Моджтаба Хаменеи сөз арасында әйелінің көз жұмғанын, 28 ақпан күні АҚШ пен Израильдің алғашқы операциясы күні әпкесі мен жездесінің және баласының қайтыс болғанын растаған.
Кіші Хаменеи сайланғаннан кейін ел алдына әлі шықпады және осы күнге дейін мәлімдеме жасаған жоқ еді. Әлемдік БАҚ өкілдері Иранның жаңа көшбасшысының Америка мен Израильдің жақында жасаған шабуылдарынан жарақат алғанын, сол үшін жасырынып қалғанын жазған еді.
Десе де, Иранның сыртқы істер министрлігі көшбасшысының жағдайы жақсы және қауіпсіз жерде екенін ескертті.