Жарақаты сыр берген Елена Рыбакинаға жеңіске жетуге ештеңе тосқауыл бола алмады

248

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Australian Open-2025 турнирінің төртінші айналымына шықты.

Жарақаты сыр берген Елена Рыбакинаға жеңіске жетуге ештеңе тосқауыл бола алмады Фото: Жеке парақшасынан

Үшінші айналымда әлемнің 7-ракеткасы Даяна Ястремскаяны (Украина) 6:3, 6:4 есебімен жеңді.

Жекпе-жек 1 сағат 30 минутқа созылды. Алайда матч барысында Рыбакинаны беліндегі ауырсыну мазалады.

Ойынның басында ол медициналық тайм-аут алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Ойын арасындағы үзілісте де, матчтың соңғы гейміне дейін де медициналық көмек сұрады.

Матч аяқталған соң қазақстандық теннисші осы жағдайға байланысты түсініктеме берді.

"Шынымды айтсам, жағдайдың қалай болатынын білмедім. Жарақат күтпеген жерден пайда болды. Оңайға соқпады. Сеттің ұзаққа созылуы маған қиын болатынын білгендіктен, агрессивті ойнауға тырыстым. Арасында аздап тәуекелге де бардым. Соңында ойын менің пайдама шешілгеніне өте қуаныштымын", – деді Елена.

Жаңа маусымдағы Рыбакинаның статистикасына көз жүгіртер болсақ, теннисші осы маусымда 6 жеңіске жетіп, 1 рет жеңілді.

Қазіргі таңда ол Live-рейтингте әлемнің 5-ракеткасы және басты қарсыласы америкалық Джессика Пегуланы басып озды. Алайда, Рыбакина бұл позициясында қалу үшін алдағы уақытта үш теннисшінің нәтижесіне тәуелді.

Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін америкалық екі теннисшінің бірімен, яғни Даниэль Коллинз бен Мэдисон Киз арасындағы текетірестің жеңімпазымен сынға түседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу