Жарамсыз жолдама

3280

"Тасбұлақ" демалыс аймағында демалғысы келген адамдар сан соғып қалды.

Жарамсыз жолдама

Қарқаралыдағы "Тасбұлақ" демалыс аймағына қатысты шу шықты. Қарағандылықтар желтоқсан айында 40% жеңілдікпен демалу үшін  жолдама сатып алған. Алайда олардың жоспары жүзеге аспай қалған.

Былтыр шілдеде "Тасбұлақтағы"  қонақ үй  аукцион арқылы сатылып кеткен. Жаңа қожайын демалушылардың қолындағы  жолдамалардың жарамсыз әрі  заңсыз екенін, сол себепті жұмсалған қаражат қайтарылмайтынын мәлімдеген.

Ал "Тасбұлақтың" бұрынғы қожайыны жақында Алматыда ұсталып, бүгінде тергеу изоляторында жатыр.

Айта кетейік, қазір "Тасбұлақтың" кеңсесі жабық тұр. Қарағандылықтар болса, ақшаларын кімнен өндіріп аларларын білмей, дал болып жүр. Демалыс аймағына бару үшін 200 мың теңгеден астам ақшаға отбасының бірнеше мүшесіне жолдама сатып алған зейнеткерлер бар.

"Мен 7 күнге алты жолдама алдым. Осы үшін 219 мың теңге санап бердім. Жолдамаға жеңілдікпен қол жеткізу үшін таныстарымыздан қарызға ақша алдық. Біз демалған жоқпыз, есесіне қарызға баттық", – деп күйінді зейнеткер Любовь Пушкарская.

"Тасбұлақтың" қазіргі қожайыны жолдама сатып алғандарға ресми  хат жолдаған. Ол хатта туристік фирмалар мен өкілетті органдарға "Тасбұлақ" демалыс аймағына жолдама сатуға шектеу қойылғаны нақтыланған. Дегенмен демалыс аймағының бұрынғы қожайыны жолдама сатуды жалғастыра берген. Екі ортада қарапайым адамдар сан соғып қалған.

Күні бүгінде дейін 44 қарағандылық ақшаларын кері қайтару үшін прокуратураға шағым түсірген. Жалпы Қазақстан бойынша "Тасбұлақ" демалыс аймағының 160  жолдамасы сатылып кеткен. Алдын ала болжам бойынша, адамдар 17,5 млн теңге шығын шеккен. Әзірге бұл дауға қатысты құзырлы орган өкілдері сұхбат бермей отыр.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу