Жәрдемақы алатындар талапты орындаса, көмектен қағылмайды

Алматыда жәрдемақы тағайындау үшін бюджеттен қосымша 11,4 млн теңге бөлінді.

Жәрдемақы алатындар талапты орындаса, көмектен қағылмайды Фото: sputniknews.kz

Қазақстанда 1-сәуірден бастап көпбалалы отбасыларға төленетін әлеуметтік жәрдемақы көлемі ұлғайтылды. Бұған дейін "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері ай сайын 16160 теңге мемлекеттік жәрдемақы алып келген болса, енді отбасындағы әр балаға ай сайын 21000 теңге төленеді. Алайда бұл әлеуметтік төлемді тағайындаудың өзіндік заңдылықтары барын да айта кету керек.
Мәселен, Алматы қаласының Жетісу ауданы бойынша "Көп балалы аналар" одағының мүшесі,  бес баланың анасы Тұрсынай Оразбаеваның айтуынша, ол жәрдемақыға қатысты талаптарды Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарына жүгінгенде ұғынған.

"Күміс алқа" иегері ретінде 16160 теңгені алып тұрамын. Енді  әр балаға 21000  теңге есептелетінін естіп  бірден Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне  бардым. Өз есебімше, 130000 теңге жалақыны отбасындағы жеті адамға бөлгенде  18571 теңгеден келеді. Бұл жерде жәрдемақы табыс салығы мен зейнетақы жарнасы аударылмай тұрып есептеледі екен. Жолдасымның табысы базадағы дерек бойынша 156 мың теңге. Осылайша  кірісіміз асып кеткендіктен, жәрдемақыға ілінбей қалдық. Себебі 156 мың теңгені 7 адамға бөлгенде 22285 теңгеден келіп тұр. Бұрынғыша "Күміс алқа иегері ретінде 16160 теңгені ғана ала беретін болдым",– дейді Тұрсынай Оразбаева.

Сондай-ақ Тұрсынай Оразбаева, жәрдемақы мәселесіне келгенде құжатбастылықтың қинайтынын да жасырмады. Біз көп балалы ананың айтуымен, жәрдемақыға құжат жинарда аналар қандай мәселелермен бетпе-бет келетінін арнайы сызбамен көрсеттік.

Аталмыш мәселе жөнінде пікір білдірген Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Шынар Бисембаеваның айтуынша, құжат жинау бұл – заң талабы.

"Жәрдемақы  тағайындау үшін отбасы мүшелерінің түгелдей тұрақты тіркеуі болуы керек. Мысалы, бізде атаулы әлеуметтік көмектен бөлек,  жылына  бір мәрте берілетін әлеуметтік көмек бар. Бір реттік әлеуметтік төлем көлемі – 25000 теңге. Бұл көмекті алу үшін тұрақты тіркеуде  11 адам тұрса, сол 11 адамның кірісін  құжат жүзінде әкеліп өткізуі керек болады. Соған қарап отбасына бір реттік әлеуметтік көмек тиесілі ме, жоқ па сол мәселе шешіледі", – деді Шынар Бисембаева.

Сондай-ақ сала маманы жәрдемақы есептегенде табыс салығы, зейнетақы жарнасы алынып тасталмайды, базада жалақыға қатысты қандай мәліметтер тұрса, сол бойынша жәрдемақы есептелетінін түсіндірді.

Ал Шынар Бисембаеваның пікіріне қатысты экономист-сарапшы Дәурен Арын мұндай шешімдерден арылатын кез әлдеқашан жеткенін айтады.

"Елімізде ресми дерек бойынша 340377 көп балалы отбасы ғана мемлекеттік жәрдемақы алады. Талап жеңілдейтін болса, жәрдемақы алатындардың саны біршама өсетін еді. Баспанасы жоқ, демек тұрақты тіркеуі болмағандықтан  жәрдемақы ала алмай жүргендер бар. Бес-алты баласы бар отбасыларды  қалада ешкім де тұрақты тіркеуге отырғыза алмайды. Құжат өткізерде баспанасы жоқ отбасылар үшін  тұрақты тіркеу мәселесі ең осал тұсы болып отыр", – деді Дәурен Арын.

Біз нақты қанша отбасы республика бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатынын арнайы сызбамен көрсеттік. Бұл дерекке тұрақты тіркеуі бар, жәрдемақыны алып жүрген аналар ғана енгізілген.

Дегенмен бұл арада қаржыгер мамандар алға тартып отырғандай, өзге елдердің тәжірибесін де ескеру керек тәрізді. "Барометр" талдау орталығының қаржыгері Арман Мусиннің айтуынша, ТМД елдері бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын есептеп жәрдемақы төлеп отырған  елдер өте аз. Қаржыгер бұл ретте Өзбекстан  төменгі күн көріс деңгейінің 46,2%-ын, Қырғызстан 52,1%-ын, Беларусь 42%-ын, Әзербайжан 49%-ын есептеп қана жәрдемақы төлейтінін алға тартты. Сондай-ақ, маманның пайымдауынша, жәрдемақы төлерде тұрақты тіркеуді талап етпесе, алаяқтыққа жол берілуі де әбден мүмкін.

"Заң бойынша пәтерін жалға беретін адам мемлекетке салық төлеуі керек.  Пәтер иесі салық төлемесе, жалға алған адамды уақытша болсын тіркеуге тұрғызбаса, онда ол пәтерді  заңсыз жалға беріп отыр. Бұл жүйенің тиімді тұсы – осындай заңбұзушылыққа жол бермеу. Тұрақты тіркеуі жоқ, тек Қазақстан азаматы деген жеке куәлігі бар тұрғындардың барлығына жәрдемақы төлей берсек, онда елімізге келіп қос елдің азаматтығын ұстанып жүрген адамдар да жәрдемақы алып отыруы мүмкін. Сондықтан тұрақты тіркеу қай салада болсын сұралуы керек", – дейді қаржыгер.

Қаржыгердің байыптауынша,  елде жәрдемақының көлемі жыл сайын өсіп келеді.

"Әр жыл сайын  жәрдемақыға үстеме қосылады. Демек әлеуметтік көмекті алатындар да заңға бағынып, тиісті құжаттарды жинауға машықтанғаны жөн", – дейді маман. 

Аталмыш мәселеге қатысты пікір білдірген Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева алдағы уақытта да әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі және мүгедек балаларды үйде оқытуға арналған жәрдемақыларды бірнеше есеге көбейту жоспарда бар екенін, бұл туралы жергілікті әкімдікке ұсыныстар айтылып отырғанын алға тартты.

"Биылғы жылы жан басына шаққанда табысы күнкөріс деңгейінің екі есе мөлшерінен аспайтын аз қамтылған азаматтарға көрсетілетін бір реттік көмекті 25000 теңге емес, 50500 теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ көп балалы аналарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған "Бақытты отбасы" тұрғын үй бағдарламасы аясында  алғашқы жарнаның шекті деңгейін 10%-дан, 5%-ға дейін төмендетуді қарастырмақпыз. Алматы қаласы бойынша көп балалы аналарға қоғамдық көліктермен жолжүру құны 40 теңгеге дейін төмендетілді.  Ал мүгедек балаларды үйде оқытатын отбасыларға тоқсан сайын берілетін жәрдемақыны 21000 теңгеден  30 000 теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Өткен жылы Алматы қаласы бойынша  жәрдемақы 800 балаға төленді. Биыл бұл жәрдемақыны төлеу үшін қосымша жергілікті бюджеттен  11,4 млн теңге бөлініп отыр. Айтылған үш әлеуметтік көмектің үшеуі де бұрыннан бар. Тек биыл оларды алатын адамдардың саны мен көмектің көлемі ғана артып отыр. Сондықтан қажетті құжаттарын жинап, талапты орындаса болғаны аталмыш жәрдемақы тиесілі адамдарға міндетті түрде төленеді", – деді Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу