Жаркент перзентханасы жаңа туған нәрестелерге арналған реанимациялық жабдықтардың толық жиынтығын алды

2609

Жаркент қаласының перзентханасындағы жаңа туған нәрестелерге күтім жасау бөлімшесі заманауи реанимациялық жабдықтармен толық жабдықталды. 

Жаркент перзентханасы жаңа туған нәрестелерге арналған реанимациялық жабдықтардың толық жиынтығын алды Фото: AYALA

Құны 143 миллион теңгеден асатын жобаны AYALA қайырымдылық қоры "Өмір сыйлайық" республикалық бағдарламасы аясында жүзеге асырды. Ол ерте сәби өлімінің көрсеткіші бойынша республикада үшінші орында тұрған Жетісу облысында мұның деңгейін төмендетуге көмектеседі деп күтілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Перзентхана орналасқан Панфилов көпсалалы ауданаралық ауруханасы AYALA қорына жаңа туған нәрестелердің өмірі мен денсаулығын сақтауға арналған жабдықтардың үлкен жиынтығын сатып алуға көмек көрсетуді сұрады.

"Біздің ауданда жылына 3000-ға жуық бала дүниеге келеді. Мерзімінен бұрын туған, дене салмағы өте төмен, ішкі даму кемістіктері бар 100-ге жуық бала реанимациялық көмекке мұқтаж. Олардың барлығы бізге келіп түседі және оларға арнайы күтім мен арнайы жабдық қажет, – деп түсіндірді Панфилов көпсалалы ауданаралық ауруханасының Ана мен баланы қорғау бөлімшесі директорының орынбасары Жанат Мергенбаева.

"Мысалы, шала туған балалар температура мен ылғалдылық жағынан құрсақтағыға жақын жағдайлар сақталатын инкубатор - кувездерде көп күн, кейде апталап жатуы тиіс. Реанимациялық үстелдер біздің неонатологтарға шұғыл жағдайда жедел көмек көрсету үшін қажет. ӨЖЖ және СРАР аппараттары жаңа туған нәрестелердің тыныс алу функцияларын қолдауға және қалпына келтіруге көмектеседі. Біз қажетті көмекті соншалықты тез және толық көлемде аламыз деп ойламаған едік. Біздің қажеттіліктерімізге көңіл бөліп отырғаны үшін AYALA қайырымдылық қорына үлкен рахмет", – деді ол. 

Жаңа туған нәрестелерді күту бөлімшесі жалпы сомасы 143,7 миллион теңгеге 22 бірлік медициналық техника, оның ішінде 1 ӨЖЖ аппаратын, 2 өкпені инвазивті емес желдетуге арналған CPAP аппаратын, 2 кувез, 3 реанимациялық үстел, 4 пациент мониторын және 10 фототерапия шамын алды.

"AYALA қорының 18 жыл ішіндегі жұмысының басты мақсаты – Қазақстанның мемлекеттік перинаталдық орталықтары мен перзентханаларын реанимациялық, диагностикалық, хирургиялық жабдықтармен жарақтандыру арқылы нәресте өлімін және туғаннан бастап мүгедектігін азайтуда мемлекетке көмек көрсету. Дәрігерлерге "Өмір сыйлайық" жобасы аясында жаңа медициналық аппараттарды тапсыра отырып, біз Панфилов ауданындағы жүздеген отбасына дені сау балаларды тәрбиелеу бақытын сыйлаймыз", – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

2007 жылдан бері қор мемлекеттік перинаталдық орталықтар мен перзентханаларға 1300 бірліктен астам медициналық жабдық берді және елдің неонатологияға маманданған жалғыз қайырымдылық ұйымы болып табылады.

"Әрбір жаңа туған нәресте өмір сүруге мүмкіндік алуы тиіс, бұл ретте заманауи реанимациялық жабдық шешуші рөл атқарады. Өкінішке орай, мемлекет барлық перзентханаларды қажетті медициналық техникамен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан қайырымдылық қорларының көмегі әсіресе құнды болып келеді. Жетісу облысы бүгінде нәресте өлімі бойынша алаңдатарлық статистикамен бетпе-бет келеді және толық жарақтандырылған неонаталдық реанимация Панфилов ауруханасының дәрігерлеріне күн сайын кішкентай пациенттерді құтқаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін", – деп санайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неонатологы Бектұрған Карин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу