Жарты күннің ішінде 3 миллион 400 теңге несие рәсімдеп үлгерген

2013

Елімізде интернет алаяқтарының құрығына іліккендер күн санап артып келеді. Жуырда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының тұрғыны өзін "банк қызметкерімін" деп таныстырған белгісіз біреуге 3 млн 400 мың теңгеге алданған.

Жарты күннің ішінде 3 миллион 400 теңге несие рәсімдеп үлгерген

Өзін "банк қызметкерімін" деп таныстырған

Белгілі болғандай алаяқтар Жанар Ерінбековаға ватсап желісі арқылы хабарласып, "біреулер сіздің атыңыздан несие рәсімдегелі жатыр" деп алдаған.  

– Осы жылдың 22 шілдесі күні сағат 11:00 мөлшерінде өзін банк қызметкерімін деп таныстырған ер адам маған ватсап желісі арқылы хабарласып, Каспи банкте біреулер менің атыма кредит рәсімдегелі жатқанын айтты. Мен оған ешкім жөндеген жоқ деп едім, ол маған "сіз жеке куәлігіңізді жоғалтып алған боларсыз, қазір телефоныңызға AnyDesk программасын орнатыңыз. Сондағы сандарды маған айтасыз" деді. Сеніп барлығын айтып бердім, – дейді Жанар Ерінбекова.

Кейін алаяқ Жанар Ерінбековаға бірнеше банктің қосымшаларын жүктеткізеді. Сөйтіп ол сол программа арқылы Жанардың телефонындағы барлық функцияларды меңгеріп алған. Оны ол кейін білген.

– Кейін олар жеке куәлігімнің екінші бетін суретке түсіріп жіберуді сұрады. "Біз сізге көмектесіп, алаяқтар алған ақшаны қайтарып береміз. Мен сізге көмектеспесем, мені жұмыстан шығарғалы жатыр. Қазір шот ашасыз, егер ақша керек жоқ болса, банкке қайта қайтаруыңызға болады" деп сендірді, – дейді Жанар Ерінбекқызы оқиға барысын тарқатып.

Кейіпкерімізге қол ұшын созбақ болған "жанашыр азамат" жарты күннің ішінде оның атына 3 млн 400 теңге несие рәсімдеп үлгерген.

– Банкке барсам Хоум банктен екі рет 1млн 200 мың теңгеден 2 млн 400 мың теңге ресімдепті. Ал халық банктен 1 млн теңге алған. Жалпысы 3млн 400 теңге болды. Өзімнің алданғанымды білгеннен кейін жаңағы хабарласқан адамға хабарлассам, "біз ешқандай несие рәсімдеген жоқпыз. Біз жай адамбыз" деп тұтқаны қоя салды, – дейді ол.

100 мың теңгеден басталған мәселе, миллионға шықты

Амалы таусылған Жанар Ерінбекқызы жергілікті құқық қорғау орындарына шағым жазып көмек сұраған.

– Аталған жағдайды полицияға толық баяндап бердім. Полиция көрсетілген номерге хабарласып еді "мен банкте істеймін, бірақ ешқандай кредит ресімдемеймін" деп телефонды тағы қоя салды. Олар маған үнемі ватсап желісі арқылы ғана хабарласып отырды. Осылай 100 мың теңгеден басталған мәселе, миллионға шықты. Өзімнің бұрынғы алған кредитіммен қосқанда 4 кредит болды, айына 200мың теңге төлейтін болдық, – дейді Жанар Ерінбекова.

Айлығы шайлығына жетпей күн көріп отырған ерлі-зайыптылар несиені төлеуге шамалары келмейтінін айтуда.

– Өзім мектепте сабақ беремін. Еңбекақым 190 мың теңгенің айналасында. Несиені төлеуге шамамыз келмейді. Үйіміз де жоқ. Жалдап тұрып жатырмыз. Айлықтан айлыққа әрең жетеміз. Бала-шағамыздың тамағы, киімі тағы бар, – дейді от анасы.

Банк қызметкерлері болуы мүмкін

Жанар Ерінбекованың жолдасы Бақытбек Дүйсебаев бұл іске банк қызметкерлерінің қатысы бар екенін айтады.

– Жағдайды естігенде не істерімізді білмей қалдым. Кредитті төлеуге шамамыз келмейді. Қандай шара қолданса да өздері білсін. Әдетте несие алғанда қаншама қағазға қол қойып әрең аламыз. Ал алаяқтар қалай тез алды ұқпаймыз. Меніңше, банк қызметкерлері осы алаяқтармен істес болып отыр. Әйтпесе, ақшаны қалай шешіп алады? Олар банк жүйесін жақсы біледі. Мысалы депозиттен ақша шешіп алып жатады, сонда адамдардың депозитінде ақша барын қайдан біледі? Бұрын банкте істеген адам болуы мүмкін, – дейді Бақытбек Дүйсебаев.

Ерлі-зайыптылар банкке де барып арыз жазған. Ал банк оларға мынадай хат жіберіпті.

– Кредит шартының талаптарына сәйкес Сіз Банктің веб-сайтында жарияланған Жеке тұлғаларға арналған банктік қызмет көрсету шартына (бұдан әрі – БҚШ) қосылдыңыз. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР) 715-бабы шеңберінде Банк Сіздің алдыңызда кредит беру жөніндегі міндеттемелерді орындағанын атап өткіміз келеді. Бұл ретте Банктің Сіз алған кредиттің пайдаланылуын анықтауға және бақылауға құқығы жоқ екенін атап өтеміз, өйткені Сіз оны өз қалауыңызша пайдалана аласыз. Осылайша, алаяқтық фактісі расталмады, өйткені Сіз өз бетіңізше үшінші тұлғалардың сөзіне еріп, оларға сендіңіз. Қазіргі уақытта тұрақсыздық айыбын есептеуді болдырмау және кредиттік тарихыңызды бұзбау үшін кредитті өтеу кестесі мен Кредит шартының талаптарына сәйкес уақтылы өтеуді ұсынамыз, деп жазды "Home Credit Bank" Сұраулармен жұмыс бөлімінің бастығы Динара Жолжігіт.

7 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілді

Айта кетейік, еліміздің Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан интернет алаяқтары азаматтарға 7 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірген.

– Осы жылдың 7 айында 11 763 интернет-алаяқтық тіркелді. Биыл азаматтарға 7 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілді. Жылдың басынан бері 571 адам ұсталып, 17 жағдайда қылмыстық топтар алаяқтық жасады. Әдетте, мұндай алаяқтықты жас адамдар жасайды. Ішкі істер органдары алаяқтық жасау тәсілдері мен сақтық шараларын келтіре отырып, тұрақты негізде БАҚ арқылы да халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Жанар Ерінбекованың ісі бойынша алаяқтық фактісі негізінде Шығыс Қазақстан облысы ПД Катонқарағай ауданының полиция бөлімі 2022 жылғы 27 шілдеде ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Ішкі істер органдары интернет-алаяқтардың құрбаны болмау үшін абай болуға шақырады. Сондай-ақ бөгде адамдарға өзінің дербес деректерін, карточкалық шоттардың деректемелерін, оның ішінде CVV-кодты беруге болмайды.

Ешқандай жағдайда банктер немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің несие беру, мүлікті сату және ақшасын қауіпсіз шоттарға аудару немесе несие беру туралы "телефон" нұсқауларын орындамауға міндетті. Құқық қорғау органдары телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейді.

Ешкімге өзіңіздің дербес деректеріңізді, пластикалық карта деректемелерін хабарламау, аударымдар туралы түбіртектерді, оның ішінде кодтар мен кодтық сөздерді бермеу керек екенін ескертеді.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу