Жарты триллион теңге биыл жолға "төселеді"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2728

Ел үкіметі жол құрылысы және көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға биыл жарты триллион теңге жұмсайтын болады.

Жарты триллион теңге биыл жолға "төселеді"

Бұл туралы үкіметтің бүгінгі отырысында жария етілді. Жиында "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын өткен жартыжылдықта іске асыру барысы қаралды.

Министрлер кабинетінің отырысында осы мәселе бойынша баяндаған инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биылғы жылдың өзінде Қазақстанда үш ақылы жол пайда болатынын хабарлады. Бұған дейін тек "Астана – Щучинск" автобаны ғана автокөлік жүргізушілерінен ақы жинап келген болатын. 

Министрдің айтуынша, "Нұрлы жол" бағдарламасының негізгі басым міндеттерінің бірі республикалық маңыздағы автожолдарға ақылы жүйе енгізу болып табылады. Оған сәйкес, республикада барлығы 6,5 мың шақырым автожолды ақылы ету жоспарлануда.

"Биыл біз 132 шақырымдық "Астана – Теміртау" және 42 шақырымдық "Алматы – Қапшағай" автожолдарында ақы алу жүйесін монтаждау жұмыстарына кірістік. Ал, екінші жартыжылдықта 295 шақырымдық "Алматы – Қорғас" автожолындағы ақылы жүйені монтаждау жұмысы басталады. Жыл соңына қарай аталмыш учаскелерде ақылы жүйе толық енгізілетін болады", – деді Жеңіс Қасымбек.

Инвестициялар және даму министрлігі басшысының мәліметі бойынша жыл соңына дейін 5,5 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізу жобаларын әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр.

Егер тарата айтсақ, қазақстандықтар және шетелдік көлік иелері "Қапшағай – Талдықорған", "Астана – Қостанай – РФ шекарасы", "Павлодар – РФ шекарасы", "Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы", "Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы", "РФ шекарасы – Ақтөбе – Қызылорда", "Тараз – Қайнар", "Щучинск – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы", "Орал – РФ шекарасы", "Астана – Павлодар", "Ақтау – Бейнеу", "Қызылорда – Шымкент – Тараз", "Шымкент – Өзбекстан шекарасы" бағыттарында жолды тегін пайдалану мүмкіндігінен айырылады. Әрине, бұл ретте көлік қожайындарының жыл сайын көлік салығын төлейтіні есепке алынбайды.

"Ақылы жүйені енгізу мен жүйені пайдалану үшін Kapch, FETC, РТ-Инвест секілді осы саладағы әлемге танымал компанияларды жұмылдыру мақсатында Еуропа қайта құру және даму банкінің қосымша несиелік қаржыландыруымен инвесторлар тарту жоспарлануда. Оны іске асыру кезеңі 2018-2019 жылдарды қамтиды", – деп мәлім етті министр.

Қазіргі уақытта "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы еуропалық осы қаржы ұйымынан 150 миллион доллар сомасында заем тарту бойынша жұмыстар жүргізуде екен.

Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 2017 жылы 484,2 миллиард теңге шығындалатынын атап өтті. Осынша ылан-ойран қаражат көлік-логистикалық және индустриялық инфрақұрылымды дамытуға, жылумен, сумен жабдықтау және су тартуға, білім беру саласының инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобаларды ортақ қаржыландыруға және басқа да бағыттар бойынша жобаларды іске асыруға бөлінуде.

Жалпы, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды кеңінен жүзеге асыру тасымалдардың жылдамдығын ұлғайтуға, көлік шығындарын төмендетуге, транзиттік әлеуетті іске асыру мен сервисті жақсартуға мүмкіндік беретіндігі айтылды. Бұл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өнімділік пен іскерлік белсенділіктің артуына оң ықпал етуге тиіс.

Тағы бір дерек: "Нұрлы жол" мембағдарламасы аясында жалпы ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру қарастырылған. Инвестициялар және даму министрлігінің ақпарынша, бірінші жартыжылдықта іске асырылып жатқан жобалар бойынша 112 млрд теңге игерілген және бұл жобаларға 80 мың адам жұмылдырылған.

Биыл "Орталық – Оңтүстік" жобасы бойынша ұзақтығы 228 шақырым болатын "Құрты – Бурылбайтал" учаскесін жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жоба Дүниежүзілік банк және аталған еуропалық банк несиесіне қаржыландырылады.

Сонымен қатар, бюджет есебінен 3-ші тоқсанның соңына дейін Қарағанды қаласының "Солтүстік-Шығыс айналма жолының" құрылысы мен реконструкциялау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

Келесі 2018 жылы 297 шақырымдық "Балқаш – Бурылбайтал" учаскесінде жұмысты бастау жоспарланған. Ал Дүниежүзілік банк есебінен 67 шақырымдық "Құрты – Қапшағай", 364 шақырымдық "Қарағанды – Балқаш" учаскелерін 2019 жылы бастау көзделуде.

Қазіргі уақытта "Орталық – Оңтүстік жобасы" бойынша келесі жылы аяқталуы тиіс ұзақтығы 14 шақырым болатын "Теміртау – Қарағанды" учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

"Орталық – Шығыс" жобасы бойынша 675 шақырым жолда жұмыс жүргізілуде. Жыл соңында "Астана – Павлодар" учаскесіндегі 230 шақырым жолда 4 жолақты қозғалыс ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, "Семей – Қалбатау" арасындағы ұзақтығы 36 шақырым болатын соңғы учаскедегі бөлікті аяқтау жоспарда бар.

"Орталық – Батыс" жобасына келсек, ол бойынша "Астана – Қостанай" және "Ақтөбе – Қарабұтақ – Денисовка" (114 км) учаскелеріндегі автожолды реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды. Биыл "Ақтөбе – Атырау – Астрахань" автожолын реконструкциялау жұмыстары басталады.

Бұдан бөлек, "Қапшағай – Талдықорған", "Астана – Петропавл – РФ шекарасы" және "Орал – Каменка" өтпелі жобаларындағы жұмыстар жалғасады. Бұлар сыртында ұзақтығы 2 мың шақырым болатын "Жетібай – Жаңаөзен", "Талдықорған – Өскемен", "Меркі – Бурылбайтал", "Қалбатау – Майқапшағай", "Үшарал – Достық", "Бейнеу – Ақжігіт", "Таскескен – Бақты",  "Осиновский асуы", "Щучинск – Зеренді" жаңа жобалары жүзеге асырылатын болады.

Осылайша, бүкіл Қазақстанда жаңа жолдар төсеу науқаны жалғасады.

Жалпы, жыл соңында "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 1 және 2-ші техникалық санат бойынша 600 шақырым жолды аяқтап, көлік жүргізушілері игілігіне тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ, "Бейнеу – Ақтау" және "Алматы – Талдықорған" автожолын реконструкциялау жұмыстары толық аяқталуға тиіс.

"Нұрлы жол" бағдарламасына кіргендіктен, үкімет отырысына Астанадағы "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының" жұмысының қорытындылары да қаралды. Биыл маусым айының басынан бері елбасы атындағы елорда әуежайының жаңа терминалы "LOT Polish Airlines", "WizzAir", "FinnAir", "Air China", "Lufthansa", "Air Arabia" және басқа да 19 шетелдік әуе тасымалдаушының халықаралық рейстеріне қызмет көрсетіпті. Сондай-ақ, Астанадан тікелей Делиге, Варшаваға, Хельсинкіге, Будапештке, Бейжіңге, Ереванға, Киевке, "Минералды Сулар" шипажайына, Батумиге жаңа рейстер ашылыпты.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек әуе жолаушылар санының айтарлықтай өскенін атап өтті. Шетелдік туристер де өзге елдерге Қазақстан арқылы ұшуға ден қоя бастаған.

"Биылғы бірінші жартыжылдықта астаналық әуежайдағы жолаушылар ағынының өсімі 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ды құрады. Яғни, 1,8 миллион жолаушыға қызмет көрсетілді. Соның ішінде жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілген күннен бастап халықаралық рейстердің 227 мың жолаушысына қызмет көрсетті", – деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жаңа астаналық "Нұрлы жол" темір жол вокзалы да пайдалануға берілген кезден бастап шамамен 305 мың жолаушыға қызмет көрсетіп үлгеріпті.

Жаңа вокзалдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 35 мың жолаушыға дейін жетеді. Ал, бұрынғы вокзалдың өткізу мүмкіндігін қоса есептегенде, елордалық темір жол желісінің осы көрсеткіші 47 мың жолаушығы дейін қамтиды. Яғни, Астанадағы жолаушылар ағынын, әсіресе халықаралық көрме өтіп жатқан кезеңде де толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, теміржол саласында транзиттік әлеуетті дамыту бойынша қойылып отырған тағы бір міндетті орындау мақсатында ұзақтығы 112,37 шақырым болатын "Алматы – Шу" темір жол учаскесінің екінші жолының құрылыс жобасы іске асырылуда. Жобаның құны 38,4 млрд теңге.

Ағымдағы жылдың желтоқсан айында екінші жолды іске қосып, учаскедегі өткізу мүмкіндігін 70-тен 130 миллион тонна жүкке дейін, яғни, екі есеге арттыру жоспарлануда.

Үкімет отырысындағы талқылау қорытындысын шығара отырып, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрлігіне қаржы министрлігімен және бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп, бюджеттік қаражаттардың уақытылы орындалуы мен жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Әйтпесе, бағдарлама аясында бөлініп жатқан қыруар қаржы биылғы жылдың бірінші жартысында тек 33,4%-ға ғана игеріліпті. Министрлер негізгі жұмыстар және тиісінше игерудің басым бөлігі жылдың үшінші және төртінші тоқсандарының үлесіне келетініне үкімет жетекшісін сендірді. 

Премьер "Нұрлы жол" аясында салынып жатқан объектілерді іске қосу мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылауды жүктеді. Себебі, бұл бағыттағы жұмыстарды ел басшылығы қадағалап отыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу