Жарылыстан кейінгі Арыстың кейпі

4412

Іnbusiness.kz тілшісі тағы жарылыс қаупі болуына қарамастан, Арысты аралап шықты.  

Жарылыстан кейінгі  Арыстың кейпі Фото: Арай Есенбек

Кешегі күшті жарылыстар сериясынан кейін, Арыс қаласына кірер жолдарды полицейлер мен әскерилер жапқан. Қалаға кірер жолдарға бірнеше бекеттер орнатып, азаматтардың шаһарға кіргізбей қойыпты. Ал Арыстан шығып жатқан көліктердің жүк салғышын жіті тексеріп жатыр.

Мұндай қиын-қыстау кезде қалаға ену маған да үлкен қиындық туғызды. Соған қарамастан, құзырлы орган қызметкерлерінің рұқсатын алып қалаға кіруге мүмкіндік алдым.

Шаһарға жақындағаннан, әскерилер уақытша құрған база көзге түседі.

Одан әрмен  өттік. Көшенің екі бетіндегі саябақ қап-қара күлге айналыпты.  Кеше ғана көк желекке оранған демалыс орнының бұл көрінісінен кейін, өн бойымды үрей биледі.  Соғыстан көз ашпай жатқан Шам елі мен Ауған жерін еріксіз еске салады.

Бұдан кейін қалаға кіреберістегі теміржолдың үстінен өтер көпірге келдім. Бұл жерден қала, алақандағыдай көрінеді екен. Күшті жарылыстардың қатты толқынан көпшілік үйлердің терезесі мен шатыры қираған. Жанармай құю бекетінің  де, дүкендердің де сау жері қалмапты.

Ал жарылғыш снарядтар түскен ғимараттардың жағдайы мүлде нашар. Үйлердің шаңырағы ортасына түсіп ойран болып, сауда  орындарының да қабырғасы қаңырап қалыпты.

Қала көшелерін аралап жүріп, жарылғыштардың қаңқасын байқадық. Бірі тіпті, күйген қыштан салынған дүкеннің бір бұрышын бұзып өтіпті. Мұнда жарылмай қалған жарылғыштар да бар. Оған жақын бару қауіпті болғаннан кейін, суретке алуға шама болмады.

Күшті жарылыстардан кейін қаңырап қалған қаланы үнсіз тыныштық басқан. Шаһардың кей тұстарында құжаты мен мал-мүлкін түгендеп жүрген арыстықтар көрінеді. Оларға да полицейлер шаһарда ұзақ уақыт жүру қауіпті екенін ескертіп, автокөліктеріне мінгізіп алып кетіп жатыр.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу