Жарыс жолындағы сегіздік: Президент сайлауына кімдер қатысады?

2592

Сонымен 11 қазанда кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталып, Орталық сайлау комиссиясы 12 үміткердің ұсынылғанын жария етті. 

Жарыс жолындағы сегіздік: Президент сайлауына кімдер қатысады?

Көбі халыққа бейтаныс десек те, олардың мемлекет басшылығына таласы бар екен-мыс. Арасында "президент болу – мақсатым емес" дегендер де шығып жатыр. Әйткенмен үміткерлердің күн санап сиреп бара жатқанын да атап өту керек. Inbusiness.kz тілшісі осы ретте кімнің орта жолдан шығып қалғанын, кімнің "күресті" жалғастырып жатқанын шолып шықты.

Қазіргі уақытта үміткерлер кандидаттарға қойылатын талаптарды орындау процедурасынан өтіп, өздеріне қолдайтын сайлаушылардың қолын жинап жатыр. Алайда күні кеше үш үміткер сайлау алдындағы жарыстан шығып қалды. ОСК олардың талаптарға сай емес екенін анықтаған. Тағы бір кандидат Нұржан Әлтаевтың кандидаттығын ОСК сот ұйғарымының негізінде тоқтатып отыр.

"Жарыс жолында кімдер бар?"

Ең бірінші үміткер "Ауыл" партиясы ұсынған – Жигули Дайрабаев болды. Жигули Дайрабаев – "Атамекен" ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы және Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы. 68 жаста. 9 қазанда Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат Жигули Дайрабаевтың Конституция мен "Сайлау туралы" конституциялық заңның өзіне жүктеген талаптарын сақтайтынын анықтады.

Кандидаттың есімін келеке қылғандар көп болды. "Жигули озып шаба алмайды" деген сыңайдағы сындарға кандидаттың өзі былай деп жауап берді.

"Ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймын. Әркім өзінің жөнін білсін. "Бір елі ауызға екі елі қақпақ" керек. Тым болмаса, жасымды сыйласын", – деді Жигули Дайрабаев.

Сайлаудағы фаворит ретінде Тоқаевтың аты аталады, әрине. Қазіргі президент жайлы таяуда ОСК отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та "жеңетініне сенеміз" деген. 6 қазанда саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің халықтық коалициясы 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Азаматтық белсенділер мен қоғам өкілдері "Тоқаев реформалары үшін" қозғалысын құру туралы бастама көтерді.

Ал 12 қазанда Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеді. Министрлік Қазақстанның барлық аймақтарында Тоқаевты қолдауға 389 809 қол жиналғанын, оның 141 045-і тексерілгенін, 140 167-і сенімді деп танылғанын (әрбір кандидат тіркеу кезеңінде оны қолдау үшін кемінде 118 273 қол жинауы керек) деп қосты.

65 жастағы Нұрлан Әуесбаев Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан (ЖСДП) ұсынылды. Емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия бірауыздан Нұрлан Әуесбаевты мемлекеттік тілді жетік біледі деп шешті. 10 қазанда ОСК Нұрлан Әуесбаевтың президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптарға сай екенін хабарлады.

Әзірге кандидат үнсіз. Күш-жігерін насихат жұмыстарына жұмсауды жөн көріп отырған сыңайлы.

Тіркелмеген "Ынтымақ" партиясының жетекшісі Мейрам Қажыкен қыркүйектің 28-і күні "Аманат" Қазақстан кәсіподақтары достастығы" РОП орталық атқару комитетінің отырысында президенттікке кандидат ретінде ұсынылды. Ол 61 жаста. Қазан айының 4 күні ОСК-ға құжаттарын тапсырды. Емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия президенттікке кандидат Мейрам Қажыкенді мемлекеттік тілді жетік біледі деп бірауыздан шешім қабылдады.

48 жастағы Қарақат Әбден алдағы сайлауда бірінші әйел кандидат атанды. Ол кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы атынан ұсынылды.

Қарақат Әбден – төрт баланың анасы, қоғам қайраткері, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, қоғам мүшесі. 8 қазанда Қарақат Әбден ОСК-ға құжаттарын тапсырып, кейін қазақ тілінен емтихан тапсырды. Емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия үміткердің мемлекеттік тілді жетік меңгергенін хабарлады. Осыдан кейін ОСК қаулы шығарды. Қарақат Әбден талапқа сай екен.

Салтанат Тұрсынбекова "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат ретінде ұсынылды.

Салтанат Тұрсынбекова әр жылдары мемлекеттік құрылымдарда, Жоғарғы Сотта жұмыс істеген. Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, сондай-ақ "Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының жетекшісі. Лингвистикалық комиссия Тұрсынбекованың қазақ тілін жетік меңгергенін мойындады. Бұл туралы 12 қазанда ОСК хабарлады.

Жұматай Әлиев "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі атынан үміткер. Әлиев 70 жаста. Бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясынан бесін шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болған.

12 қаңтарда Жұматай Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін растағаны белгілі болды. ОСК оның талаптарға сәйкестігі туралы қаулы қабылдады.

"Қазақстандық футбол жанкүйерлер лигасы" қоғамдық бірлестігінен Бақыт Жаңабаев президенттікке кандидат ретінде ұсынылды. Бақыт Жаңабаев 46 жаста. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, оның мемлекеттік қызметтегі өтілі 21 жыл. Қазір ол Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде қызмет етеді.

Кеше ОСК Бақыт Жаңабаевтың кандидатурасы заң талаптарына сәйкес келетінін мәлімдеді. Лингвистикалық комиссияның қорытындысына сәйкес, ол мемлекеттік тілді де жетік меңгерген.

"Жарыс жолынан" кімдер шығып қалды?

Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы, 56 жастағы Талғат Ерғалиев екі критерийге сай келмегендіктен, президенттікке кандидат ретінде тіркелмеді. ОСК 13 қазанда хабарлағандай, оны ұсынған "Қазақстан құрылысшылар одағы" заңды тұлғалардың республикалық бірлестігі "Республикадағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келмейді екен.

Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, Ерғалиевтің мемлекеттік қызметтегі өтілі бар болғаны 3 жыл 4 айды құрайды. Ал президент болу үшін кемінде 5 жыл қажет.

Фатима Бизақованы "Практикалық психология" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, 55 жастағы Фатима Бизақова республикалық "Практикалық психология" қоғамдық ұйымының төрайымы, психолог, жаттықтырушы, бизнес-тренер. 13 қазанда белгілі болғандай, ОСК оның мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің болмауына байланысты оны тіркеуден бас тартқан.

72 жастағы Хайрулла Ғабжәліловты "Асар оралмандар" қауымдастығы президенттікке кандидат ретінде ұсынған. Ол Қазақстанның ұлттық валютасы теңгені жасаған дизайнерлер тобының құрамында болған.

ОСК оның кандидатурасын тіркеген жоқ. Заң бойынша, президенттікке кандидат туу бойынша Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек, ал Хайрулла Ғабжалилов Қарақалпақстанда (Өзбекстан Республикасы) дүниеге келген және соңғы 24 жылдан бері Қазақстанда тұрады. Сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік қызметте жұмыс өтілі жоқ.

Әлтаев не болды?

44 жастағы экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаев "Мұғалмас" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан кандидатурасын ұсынды. Бірақ құжаттарын тапсырған күні "Мұқалмас" ҮЕҰ-ның бірқатар филиалдарының басшылары ОСК-ға бірлестіктің тиісті отырысының хаттамасының бұрмаланғаны туралы айтты. Дәл осындай арыз сотқа да жолданды.

11 қазанда Астана қаласы Байқоңыр ауданының соты президенттікке кандидатты ұсыну туралы "Мұқалмас" қоғамдық ұйымының жалпы жиналысының хаттамасын тоқтата тұру туралы шешім шығарды. Осы шешімнің негізінде ОСК Әлтаевтың президенттікке кандидатурасының жарамдылығын тексеру рәсімін тоқтатты.

Нұржан Әлтаев әр жылдары "Атамекен" ҰКП-да жұмыс істеген. "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ тәуелсіз директоры болған. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметтерін атқарған.

2019 жылдың ақпан айында Әлтаев "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясынан Мәжіліс депутаты болды, бірақ 2020 жылдың желтоқсанында "партияның беделін түсіретін (...) және оның беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерді жасағаны үшін" деген айыппен оның қатарынан шығарылды. Депутаттық мандатынан айырылды.

Заң бойынша президенттікке кандидатты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және республика астанасының кемінде үштен екісі тең өкілдік ететін сайлаушылар жалпы санының кемінде бір пайызы қолдауға тиіс.

2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ОСК мәліметі бойынша сайлаушылар тізіміне 11 миллион 827 мың 277 азамат енгізілген. Әрбір кандидат өзіне қолдау табу үшін республиканың Орталық сайлау комиссиясы тіркеу кезеңінде сайлаушылардың 118 мың 273 қолын жинауы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу