20 жасқа дейінгі жастар арасындағы ХХХХІІІ (қырық үшінші) әлем чемпионаты басталып, барлық командалар екі ойыннан өткізіп шықты. Сергей Старыгин жаттықтыратын Қазақстан-U20 құрамасы "В" тобының үздіктерімен кездесіп, екеуінде де жеңілістің кермек дәмін татты.
Әуелі Финляндия-U20 құрамасымен кездесіп, 0:5 есебімен ойсырай ұтылды. Бұл ойында фин жастары құйындай орап соғып, соққыны қардай боратты. Олар біздің қақпаны 56 рет нысанаға алды. Қақпашымыз Демид Еремеев соның 51-ін тойтарып, шетелдік мамандар мен жанкүйерлерді тәнті қылды.
Бұдан кейін Старыгиннің шәкірттері АҚШ жастарымен додаға түсіп, 2:6 есебімен ұтылып қалды. Екі голды Андрей Буяльский мен Дмитрий Митенков соқты. Екеуіне де оңтайлы пас берген Валерий Орехов болды. Ал Самат Данияр матчтың үздік ойыншысы болып танылды.
Жас хоккейшілеріміз екі рет ұтылса да, үмітімізді үзбейміз. Себебі Финляндия және АҚШ жастары – жүлделі орындардан үмітті құрамалар. Ал біздің жігіттеріміздің басты мақсаты – жоғары дивизионда қалу. 31 желтоқсан күні маңызды ойындардың бірі өтеді. Қазақстан-U20 құрамасы Словакия саңлақтарымен кездеседі.
Осы ойында жеңіске жетсе, мақсаттарына қол жеткізулері де мүмкін. Жалпы, "В" тобында соңғы орынға тұрақтаса да, жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалу мүмкіндігінен айырылмайды. Онда "А" тобының аутсайдерімен екі жеңіске дейін өзара додаға түседі. Міне, сонда ұтылмау керек. Ал екінші топта Дания құрамасы екі рет күйрей ұтылып, көштен қалып барады...
Жастар арасындағы әлем чемпионаты. Канада.
"В" тобы, ойындар нәтижесі:
АҚШ – Словакия – 2:1
Швеция – Финляндия – 2:1
Швеция – Словакия – 5:2
Финляндия – Қазақстан – 5:0
АҚШ – Қазақстан – 8:2
Маруан Түсіп