2020 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "Жас отбасы" атты жаңа бағдарламаның іске қосылғанын хабарлады. Жаңа бағдарламаның нендей өнім екенін білмек оймен банктің Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Ботагөз Қамароваға хабарласқан едік.
Сонымен, аты айтып тұрғандай бағдарлама жас отбасыларға арналған. Яғни, ресми некеге тұрғандарына үш жыл толмаған кез келген жастағы ерлі-зайыптылар бағдарламаға қатыса алады.
"Жас отбасы" арқылы өте тиімді шарттар бойынша баспана алуға болады. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі 6 пайызға тең. Қазақстандағы ең тиімді деген "Нұрлы жер" бағдарламасының пайыздық мөлшерлемесінен небары 1 пайызға ғана артық.
"Жылдық 6 пайыздық мөлшерлеме екі жылға ғана арналған. Екі жылдан кейін пайыздық мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендейді", – деді Ботагөз Қамарова.
Бағдарламаға қатысудың екі жолы бар. Алғашқысы – ерлі-зайыптылардың біреуі ғана банктен депозит ашса жеткілікті. Депозитке банктің 2 пайыздық сыйақысы және жыл соңында берілетін мемлекеттің сыйлықақысы қосылады. Екіншісі – жас жұбайлардың екеуі де "Отбасылық пакет" бойынша екі депозит аша алады. Жоғарыда айтылған сыйақы мен сыйлықақы бұл жерде де қарастырылған. Тек, "Отбасылық пакет" болғандықтан6 мемлекеттің сыйлықақысы екі депозитке де аударылады. Яғни, екі сыйлықақының көлемі 200 мың теңгеден кем болмайды.
"Арнайы "Жас отбасы" депозитін ашқан адамдар пәтер сомасының 50 пайызын жинаған жағдайда салымның ашылғанына бір жыл толғаннан кейін бағдарлама арқылы бағын сынай алады. Мұнда да "бағалау көрсеткіші" жүйесі қарастырылған. Яғни, бағалау көрсеткіші 5-тен кем болмауға тиіс", – деді банк өкілі.
Бағдарламаға қатысушы ерлі-зайыптылардың жасына, балалар санына қатысты ешқандай шектеу жоқ. Мәселен, жасы елуді алқымдаған, бірақ некеге тұрғанына үш жыл толмаған азаматтар да бағын сынай алады.
"Жас отбасы" арқылы пәтерді жаңа үйлерден, сондай-ақ қайталама нарықтан алуға мүмкіндік бар.
Несие 6 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Қарызды уақытынан бұрын жауып тастау тетігі қарастырылған. Бағдарламаға қатысу үшін жеке басыңызда пәтерді бар-жоғы да есепке алынбайды. Бұл жағынан да шектеу жоқ.
"Әрине, былай қарағанда пәтердің 50 пайызын жинау деген бағынбас белестей боп көрінеді. Бірақ, жас жұбайлар үйлену тойына пәтердің жарты сомасынан астамын жұмсап жататын кездер болады. Оның үстіне, қазір елдегі пандемияға байланысты көпшілікті жинап, той жасауға рұқсат жоқ. Сондықтан, тойға деген қаржыны "Жас отбасыға" салып, бір жылдан кейін қоныс тойын тойлап, қуанышты еселеуге мүмкіндік бар", – дейді Ботагөз Қамарова.
Осы орайда, "Жас отбасы" бағдарламасына қатысу үшін әдейі ажырасып, қайтадан некеге тұруға бола ма?" деген заңды сұрақ туындайды. Банк өкілінің сөзінше, қарызды рәсімдеу барысында клиенттің ажырасқан я ажыраспағандығына назар аударылмайды. Тек, некеге қашан тұрғандығы ғана маңызды.
"Біздің банкте бұған дейін ашқан депозиттері бар адамдар аталған салымдарын "Жас отбасы" бағдарламасына ауыстыра алмайды. Жаңа бағдарламаның талабына сәйкес, арнайы "Жас отбасы" депозитін ашу керек. Ол үшін міндетті түрде неке куәлігі керек. "Жас отбасы" депозитін ашқандар тек осы бағдарламаға ғана қатыса алады", – дейді Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары.
Депозитті ашу үшін некеге үш жыл толмау керектігін айттық. Ал депозитті қанша жыл жинау керектігіне қатысты ешқандай шектеу жоқ. Ең бастысы, салым ашар кездегі неке мерзімі үш жылдан аспаса болғаны.
Банкте жинақтаған салымы бар адамдар депозиттерін шешіп алып, "Жас отбасы" бағдарламасына қатысу үшін қайтадан депозит ашып, жинақтаған соманы қайта құя алады. Бұл жағынан ешқандай кедергі жоқ.
"Бағдарламаға қатысу үшін тұрғын үй кезегінде тұрудың қажеті жоқ. Бағдарлама үшін жаңа үйлер салынбайды. Пәтерді әркім өзі іздеп табады", – деп нақтылады Ботагөз Қамарова.
Фархат Әміренов