Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті халық үлкен ынта-ықыласпен қабылдаған "Salyq кэшбэк" жобасын биыл қайта бастайтынын жариялады.
Бұл жоба азаматтарға дүкендерде, сауда орындарында және басқасында жасаған әрбір сатып алуынан 2%-ы көлемінде табыс табуына, сыйақы алуына мүмкіндік береді.
Бұған дейін Мемкірістер комитеті бұл жобаны өзге өңірлерге тарату мәселесі пысықталып жатқанын мәлімдеген еді.
Алайда, ол бүкіл республиканы жаппай қамтымай, тек "пилоттық жоба" күйінде қалатыны анықталды. Сонымен, осы жылы үш өңірдің бірнеше ауданының жұртшылығы әрбір сауда-саттығынан табыс табу мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Бұлайша табыс табудың алгоритмі қандай?
Бірінші қадам: жергілікті тұрғын "Amian" қосымшасын смартфонының түріне қарай App Store немесе Google Play-де тегін жүктеп ала алады.
Екінші қадам: тауарлар мен қызметтер үшін қолма-қол ақшамен, сондай-ақ қолма-қолсыз тәсілмен ақы төлеу кезінде фискалдық чек талап етіп алуы қажет.
Үшінші қадам: аталған чектің әрқайсысындағы штрих-кодты "Amian" арнайы мобильді қосымшасында сканерлеуі керек.
Сонда азаматтардың қосымшадағы жеке шотына микро және шағын бизнес нысанында жасаған кез келген сатып алуы сомасының 2%-ы мөлшерінде сыйақысын ала алады.
Салық ведомствосының түсіндіруінше, сыйақылар "Amian" мобильді қосымшасын пайдалана отырып, "IT Analytics" ЖШС операторы арқылы аударылады.
"Микро және шағын бизнес субъектілері берген бақылау-кассалық машиналардың фискалдық чектері бойынша сыйақылар төлеуге бағытталған "Salyq кэшбэк" пилоттық жобасының қайта жаңғыртылғанын хабарлаймыз. Ол 2025 жылғы 15 наурызда басталды. "Salyq кэшбэк" жобасына аталған өңірлерде кез келген адам қатыса алады", – деп мәлім етті Мемлекеттік кірістер комитеті.
Меморганның дерегінше, былтыр "Salyq кэшбэк" жобасының бірінші кезеңі оң нәтиже көрсетті. 2023 жылдың ІІ жартыжылдығымен салыстырғанда, 2024 жылғы тамыз-желтоқсанда берілген чектердің саны бірден 2 есеге артты. Сонымен бірге, чектерде басылған сома 32%-ға өсіпті.
Мемкірістер комитеті алдыңғы кезеңде бұл жобаға Абай облысының Семей қаласының және Ақмола облысының Ақкөл ауданының тұрғындары қатысқанын еске салды.
Бұл ретте Абай облысында "Amiankz" ЖШС ("Amian" қосымшасы), ал, Ақмола облысында "Вайпоинг" ЖШС ("Wipon Cashback" қосымшасы) оператор болған еді. Биыл содан біріншісі ғана қалдырылды.
Ал, 2025 жылы "Salyq кэшбэк" пилоттық жобасының екінші кезеңі мына аумақтарды қамтиды:
- Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында,
- Қостанай облысының Жітіқара ауданында,
- Ақмола облысының Жақсы және Аршалы аудандарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерді бақылау-кассалық машиналарды белсенді қолдануға және әрбір сатып алушыға фискалдық чегін беруге шақырады. Бизнестің осы арқылы тұтынушылардың құқығын қорғауға және мемлекеттік бастамаларды толыққанды іске асыруға ықпал ететіні алға тартылды.
Айта кету керек, "Salyq кэшбэк" пилоттық жобасының алдыңғы, бірінші кезеңі 2024 жылғы 15 тамыздан басталған болатын.
Осы жобаны іске асыру арқылы мемлекет халықты әрбір сауда-саттығы үшін фискалдық чекті талап етуге үйретіп, қоғамда тиісті мәдениетті қалыптастыруды мақсат етіп отыр.
Өйткені мемкірістер ведомствосы мамандарының түсіндіруінше, көптеген адам чекті талап етпейді, тіпті кассир ұсынғанда алмай, кетіп қалады.
Тағы бір бөлігі "чек" деп ұсынылған бір тілім қағазда "фискалдық чек болып табылмайды" деп баттита жазылып тұрса да мән бермей, сонымен қанағаттанады.
Бұған қоса, осы жоба арқылы салықшылар сауда мен қызмет саласының ұстынын құрайтын микро және шағын бизнесті кассалық тәртіпті сақтауға баулуға ниетті.
Мемкірістер комитеті "пилоттық жобаны іске асыру үшін өңірлерді таңдау тиісті талдау жүргізу жолымен жүзеге асырылғанын" жеткізді. Яғни, олар негізінен салық аз жиналатын аумақтар болса керек.
Ал, салық жоспарын онсыз да орындайтын өңірлердің жұртшылығына бұл игілік тимеуі ғажап емес.
"Мәселен, кассалық тәртіпті сақтау бойынша ең үздік көрсеткіштер Алматы, Астана қалаларында және Қарағанды облысында байқалады. Осы көрсеткіштердің төмен деңгейі Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Абай облыстарында тіркелді", – деп мәлім етті бұған дейін МКК.
Жалпы, былтыр хабарланғандай, 2024 жылғы 15 тамыз бен 15 қазан аралығында Семей қаласының тұрғындары чекті сканерлегендері үшін 6,9 миллион теңге сомасында кэшбэк алып, қосымша табыс тапты.