"Ласковый майдағы" рэпер елесі: рухани қуыстық эстетикасы
Мәдени вакуум, рухани қуыстық кейде ұяң үнсіздікпен қымсынбай, құлақ тұндырарлық ащы жаңғырықпен әлемге танылады. Мейлі ол медиа-нарық, мейлі мемлекеттік идеология болсын, егер қандай да бір жүйенің әлемге ұсынар төл туындысы, өзіндік қолтаңбасы, беткеұстар ештеңесі қалмаса, ол "құрастырғыш-конструктор" режиміне көшеді. Үйлеспейтін дүниені жымдастырып, таныс бейнелерді талшық етіп, көзбояушылық пен елес-иллюзияларды саудалай бастайды. Қысқасы, жасампаздық тоқырап, имитация-көшірме дәуірі туындайды.
Бұл – биік мәдениеттің өлгенін, тек соның қаңқасынан жасанды сұлулық жасауға тырысқан дәрменсіздіктің көрінісі. Кеңес заманы күйрейтін тұста туындаған, Қазақстанда да әрбір бұрыштан айтылып ығыр қылған "Седая ночь" әнінің вирусты ЖИ-кавері ТМД-ның ақпараттық айдынын жаулауда. Әлдекімдер келмеске кеткен сол заманның сағынышын америкалық әнші Канье Уэсттің баритонымен "шырқатыпты".
Әрине, Канье мырза бұл әнді орындамақ түгіл, оны естімеген де болар. Оның ЖИ-бейнесін жасап, ескі әнді соған орындатуға оның рұқсаты да алынбаған. Демек, бұл – жай ғана желідегі әзіл, технологиялық эксперимент емес. Бұл – диагноз. Бұл – баяғыда тозығы жеткен дүниеге жасанды дем бере тірілтіп, оны мәдени серпіліс ретінде өткізуге тырысқан қоғамның ішкі қуыс "кеудесі".
Төл мемлекетің өнерде артта қалса, заманауи тың туындылар тудыра алмаса, бөтен державадағы ұлылықтың шалғайына жармасып, ремикс жасап күнелту қалады. Ондаған миллион қаралым мен жүздеген мың мадақ-мақтауға қарағанда, суррогат эйфория тұтас мемлекетті қамтыған.
Ең қауіптісі – мұндай дерттің іргедегі елді жайлауы. Құндылықтар құлдыраған жерде жасанды жарқыл шындықтан биік тұрады. Бетін аулақ қылсын, бірақ Қазақстан туралы фейк видео түсірсе, көрші қоғамы соған риясыз сенгелі тұр. Әзірге ресейлік медиа, белгілі тұлғалар Silver Night аталатын роликті жарыса жарнамалап, әлеужелілерінде қызу бөлісуде.
Хайп шындықтан қымбат па?
"Әлеуметтік желілерде Юрий Шатуновтың "Седая ночь" әніне ЖИ көмегімен жасалған кавер танымал болуда. Жаңа нұсқада 1990-жылдардың хитін Канье Уэст "орындайды". Кавер авторы бұған дейін тағы бір ЖИ-хит – Билли Айлиштің "орындауындағы" "Прекрасное далеко" әнін жасаған еді. @augustseptemberov никімен танымал қолданушының Silver Night ролигі шынында Уэсттің АҚШ-тағы SoFi Stadium-да, 5 жылдан кейінгі алғашқы концертінен түсірілген кадрлардан монтаждалған", – деп жазды ресейлік "Правила жизни" басылымы.
Кейбір ресейлік телеграм-арналар мен пабликтер "хайп шындықтан қымбат" деген қисынға салып, бұл фейкті Канье Уэст шынымен де Шатуновтың әнін шырқағандай етіп таратты. Мұндағы ең сорақысы – аудиторияның реакциясы.
Тыңдаушылардың едәуір бөлігі үшін тірі әртіс пен жай ғана синтезделген дауыс арасындағы айырмашылық маңызды болмай шықты. Ресейліктер бұл әннің Уэстке "қаншалықты жараса кеткеніне" қуанып, тіпті рэпердің ресми аккаунтын белгілеп жатыр: әннің шынайы релизі деп қабылдауда. Тек санаулы қолданушылар ғана абайлап күмән келтіріп, "нейрожелі жасаған бұл трек бәрібір жақсы естіледі екен" деп меңзегендей болды.
Айтпақшы, @augustseptemberov қолданушысы бұған дейін де америкалық атақты әнші, миллиондаған жастың кумирі Билли Айлиш ресейлік "Прекрасное далеко" әнін орындады деп, фейк видео жасады. Ендеше бұл бір реттік ермек емес, вирус контент өндірудің жолға қойылған моделі. Ендеше, алда америкалық, батыстық танымал тұлғалардың тағы қаншасы кеңестік не ресейлік әндерге "құмартып", тебірене шырқап жатса, таңғалмаңыз.
Миллиондаған қаралымдар мен "қандай үйлесімді!" деп сүйсінген пікірлер – мұның бәрі шын мәнінде музыка мен мәдениет туралы емес. Бұл көршідегі тыңдарманның талғамы мен қабылдау деңгейінің төмендегенін білдіреді. Кез келген жалған нәрсені "нағыз шығармашылық" ретінде қабылдауға дайын адамдардың көптігі тіксінтеді. Адамдар енді ақпараттың, видеоның өтірік емес, шын болуын талап етпейді: көңіл көтеретін, тамсантып, эмоция тудыратын алдамшы көрініс болса жеткілікті.
Өз идеясын, төл бейнесі мен дауысын дамытудың орнына, дайын тұрған шетелдік жұлдыздардың бейнесін механикалық түрде ЖИ-ге қабаттастыру мәдениеттер диалогы емес. Бұл – мағынадан жұрдай, тек сыртқы пішінге малданған рухани мешелдіктің көрінісі болса керек.
Ақыл адасса, "Снегурочкаға" жолығады
Біреулер америкалық атақты әншілердің аузына кеңестік әндерді салып жатса, көршінің кейбір "өнерпаздары" цифрлық қиық-құрақтардан жаңа "ЖИ-жұлдыздарды" тігуде. ЖИ дамыған сайын Ресей нарығы цифрлық кейіпкерлерге – жалған әншілерге, модельдерге, блогерлерге, эксперттерге толып келеді.
Олар қожайынына жарнамалық келісімшарттар арқылы табыс әкеледі, немесе шетелде саяси мақсатта қоғамдық пікірді манипуляциялау құралы ретінде пайдаланылады. Бірқатары мұны тек "өнер бостандығы", "өз дарынын ұштау" ретінде ұсынылады. Бірақ бұл санаттардың шекарасы, әдеттегідей, бұлыңғыр келеді, тонның ішкі бауындай араласып жатады.
Осы тұрғыда "әнші" Сиенна Роуз (Sienna Rose) төңірегіндегі халықаралық жанжал енді ерекше жағдай емес, трендтің қисынды жалғасындай көрінеді. Германиялық журналистер Батыста танымал болған орындаушының тума дарын емес, жай ғана ИИ-жоба екенін әшкереледі, әрі ол ресейлік Максим Муравьевпен байланысты екеніне DW сарапшылары назар аудартты.
Жобаның ресми парақшасында Сиенна Роуз классикалық соул эстетикасын заманауи R&B элементтерімен үйлестіретін нео-соул әнші ретінде сипатталады. Өз музыкасын өзі жазатыны көрсетілген.
Бастапқыда, бұл "қара нәсілді бойжеткеннің" ай сайын 3 миллионнан астам тыңдаушысы болған еді, бірақ тірі адам емес, жай генерация екені әшкереленген соң бұл сан бүгінде 1 миллионға дейін құлады.
Әншінің аккаунттарында оның жасанды интеллект екені айтылмайды. Алайда журналистік зерттеу барысында оның бүкіл образы нейрожелінің жемісі екені дәлелденген. Бұл туралы зерттеу материал Германияның қоғамдық-құқықтық хабар таратушылар желісіне кіретін Trasherchiert онлайн-жобасында жарияланды. Тергеуді Бавария телерадиокомпаниясы Bayerischer Rundfunk журналистері жүргізді.
Көршіде бұдан басқа да жобалар жетерлік: оның бірі – Ресейдегі Улан-Удэ қаласынан шыққан суретші Александра Комовичтің "виртуалды Снегурочкасы". 2025 жылдың желтоқсанында ол "қарапайым ресейлік сұлу" ЖИ-бейнесінде "Расскажи, Снегурочка, где была?" балалар әнінің ремиксімен ел алдына шықты.
Видео Instagram-да тез арада 20 миллионнан аса қаралым жинады. Көрермендер мен пікір жазушылардың басым бөлігі – ТМД елдерінен. Бірақ ЖИ-Ақшақар ресейлік басылымдардың тақырыптарына танымалдылығының арқасында емес, құқық иесімен болған қақтығыс салдарынан енді. Балалар ақыны, әлгі әннің авторы Юрий Энтиннің талабы бойынша трек бұғатталды. Алайда жоғарғы жақтан бұл мәселені жедел "реттеп" беріпті. Содан кейін "Снегурочка" Рунет пен Қазнеттегі экспансиясын ары қарай жалғастырды. Биылғы қаңтардың соңында тіпті әнші Дима Биланмен бірлескен клип те түсірді.
Ресейлік ИИ-жұлдыздардың тағы бір мысалы – модель әрі блогер Алена Пол (Aliona Pole). Ол 2018 жылы-ақ жасалған екен. РБК, "Афиша" және басқа ақпарат құралдары тіпті одан сұхбат алды, "AliExpress Россиямен" ынтымақтастық орнатты.
Ослодағы "кеңес агентінің" құпия өмірі
Бұл кейстерді Sienna Rose оқиғасы жалғастырды. Бір айырмашылығы, оның авторы бүгінде Ресейде өмір сүрмейді. Trasherchiert-тің Сиенна Роуз туралы зерттеуі 2026 жылдың наурызында жарияланды.
Журналистер оның ЖИ екеніне қатысты күдікке бірнеше негіз болғанын қаперге салды. Әншінің кім екені, қайда туып, қайдан келгені белгісіз, өмірбаяны жоқ. Бір-ақ күнде пайда болып, әлемге танылды. Еш жерде тірі концерт бермейді, ешқандай шараға қатыспайды. Басқаны айтпағанда, оның "өзі" жариялаған видеолардың бірінде бір қолындағы сақина лезде екінші қолындағы саусағына ауысып кетіпті.
Күмән бұған дейін де туындаған: 2026 жылдың қаңтарында Сиенна Роуз туралы зерттеу мақаласын британдық BBC жариялады. Ғаламторды толтырып тастаған ЖИ-музыканы әшкерелейтін құралдары бар Deezer стримингтік сервисі ол тетіктер бұл "әншіні" машиналық генерация деп танығанына назар аудартты және Би-би-сиге енді "оның көптеген альбомдары мен әндері платформада компьютер жасаған деп белгіленетінін" хабарлаған.
Британдық басылым Роуздың ешқашан концерт бермегенін, қайырымдылық, іскерлік және басқа кештерде, корпоративтерде немесе басқа іс-шараларда өнер көрсетпегенін, клиптері жоқтығын, фанаттармен кездесу өткізбейтінін, бірақ соған қарамастан қысқа уақыт ішінде ол өте көп ән шығарғанын еске салды.
Неден сонша телегей-теңіз шабыт алатыны белгісіз. Бар болғаны үш айдың ішінде бұл цифрлық "тұлға" стримингтік сервистерге 50-ден астам ән жүктеген. Тіпті шығармашылық сұрапыл энергиясымен танымал болған әртіс Принстің өзіне мұндай көрсеткішке жету қиын болар еді, деп жазады BBC.
Сонымен қатар оның музыкасы да шынайы емес: сарапшылардың түсіндіруінше, кейбір әндері өзге әндердің танымал элементтерінен құралған: осы жанрда ән жазатын Нора Джонстың интонацияларынан бастап Алиша Киздің стиліне дейін "жиендік" жасапты.
Сондай-ақ мамандар оның тректерінен ЖИ-ге тән "артефактілерді" тапты: мысалы, Under the Rain немесе Breathe Again әндерін қосқанда, тректердің өне бойын бойлай өтетін елеусіз шуылды естуге болады.
"Бұл Suno және Udio сияқты қосымшада жасалған музыкаға тән нышан. Бұл жүйелер алдымен "ақ шуды" (белый шум) алады да, оны біртіндеп өңдеп, музыкаға ұқсас күйге келтіреді. Бағдарламалық қамтылым ақыр соңында барлық қабаттар мен аспаптарды бір жерге түйістіргенде, ағаттықтар пайда болады", – деді стрим таратуға маманданған компанияның аға ғылыми қызметкері Габриэль Месегер-Брокаль.
Сиенна туралы репортажды швейцариялық Watson порталы да жариялады. ГФР журналистері мұнымен шектелмей, ондаған миллион қаралым жинаған ЖИ-әншінің артында тұрған адамдарды тапты. Бұлар Осло тұрғындары Хаффштайн Руннерсон және Максим Муравьев болып шықты. Соңғысының Instagram аккаунты бар. Онда ол өзін "мәңгі жалғызбын" деп сипаттайды. Муравьев туралы ашық деректер өте аз.
"Бұл жай ғана жас жігіт. Артында ауқымды PR-желі немесе Кремль тұр деу қиын. Мені бір жайт қайран қалдырды: өзі күні-түні интернетте отырады, компьютер алдында тым көп уақыт өткізетін адам көрінеді. Қазір Ослода тұрып, лоу-фай стилінде ЖИ-музыка жасайды", – деді DW-ге сұхбатында зерттеу авторларының бірі, журналист Лукас Штаус.
Оның айтуынша, зерттеушілер "Максим Муравьевтің Ресейден екенін анықтауға мүмкіндік берген бірнеше дерек" тапты. "Олардың қатарында Максимнің ресейлік таныстары, Ломоносов атындағы МГУ-де оқығаны көрсетілген VK аккаунты, сондай-ақ Ресейдегі әртүрлі локацияларда, мысалы, Қызыл алаңда болғаны көрсетілген Telegram тобы бар", – деді Штаус. Ол Муравьевтің ресейлік "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі аккаунты soviet_agent ("кеңес агенті") деп аталатынын хабарлады.
Технология адамзаттың игілігіне қызмет етуге тиіс, алайда ол бүгінде бос қуысты толтыратын, жоқты бар деп көрсететін құралға айналды. Төл мәдениетіңнің тамырына қан жүгіртпей, өзгенің бейнесін ұрлап, содан ләззат алу – рухани кедейліктің ең жоғарғы бір шегі. Симуляцияға сенген қоғам ертең шындықпен бетпе-бет келгенде, өз бейнесін де танымай қалуы әбден мүмкін.