Жасөпірімдерді қылмыстық жауаптылыққа тарту жасы өзгеріссіз қалды

1659

Сала мамандары бұған не дейді? 

Жасөпірімдерді қылмыстық жауаптылыққа тарту жасы өзгеріссіз қалды Фото: liter.kz

Қазақстанда балалардың қылмыстық жауапкершілік жасы 14 жастан 12 жасқа дейін төмендетілмейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осыған дейін депутат Магеррам Магеррамов қылмыстық жауапкершілік жасын 12 жасқа дейін төмендетуді ұсынған болатын. Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында ол бүгінде кейбір қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жастың шекті мәнін қайта қарау мәселесін көтерді.

Көп ұзамай премьер-министр Олжас Бектенов депутаттың ұсынысына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, әлемдік тәжірибеде қылмыстық жауапкершілік 14-15 жастан басталады. Үкімет басшысы 12 жастан бастап жауапкершілікті белгілеу балаларды тәрбиелеу мен қорғаудың құқықтық және гуманистік тәсілдеріне қайшы екенін, бұл жаста балалар өз іс-әрекетінің қоғамдық қауіптілігінің барлық дәрежесін жіті түсінбейтінін жеткізді.

Депутаттардың жеткіншектерді қылмыстық жауапкершілікке тарту жасын төмендету туралы ұсынысы сарапшылар арасында да қызу талқыға түсті.

Заңгер Ләззат Рақышева балаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жасын 14 жастан 12 жасқа дейін түсіруге қарсы екенін айтты.

"Себебі он төрт жастағы және он екі жастағы балалардың дамуында айырмашылық болады. Мінез-құлқы дұрыс емес, үйінен қашып кететіндерге арнайы мектептер бар. Девиантты мінез-құлқы балаларға арналған білім беру ұйымдары бар. Сондай жерлерге барған балалар тәрбиелене ме? Өз үйінде тәрбие көрмеген бала басқа жерге барып тәрбиелене ме? Ондай жерден одан да бетер болып шығады. Бізде тәжірибелі психологтар жетеді деп айта алмаймын. Қарапайым мектепте психологтар жұмыс істей алмай жатады. Мысалы, олар көбінесе болған жайды жасырып қалады. Бала өзі келіп айтып тұрса да, жағдайға немқұрайлы қарай салады. Қылмыстарды жасырып қалғанының салдары келесі үлкен қылмысқа апаруы мүмкін", - деді ол.

Сарапшы бала он сегіз жасқа толғанша оған ата-ана жауапты деген пікірде.

"Баланы өмірге әкелдің бе, балаға жауап беру керек, тәрбиелеу қажет. Бала түгіл, қазір ересек адамдар өздерінің ісіне жауап бермей жатады. Баланы тәрбиелеу үшін ата-аналар ең бірінші өздерінен бастауы тиіс", - деп атап өтті заңгер.

Ләззат Рақышеваның сөзінше, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру керек.

"Психологияда баланы арнайы үйірмелерге қатыстыру керек деп айтылады. 12 жаста балаға үйірмелерді көбейту керек, сонда олардың футболға, боксқа, шахматқа, шығармашылыққа деген ынтасы ашылады", - деді заңгер.

"Құқықтық білім жоқ"

Заңгер Аржан Садуақас қолданыстағы заңнамада жасына байланысты жауапкершілікті анықтаған кезде әртүрлі жас көрсетілгенін баса айтты.

"Ең төменгі жас – 14 жас. Бірақ қазіргі таңда есірткі қойып кетушілер арасында 14 жасқа дейінгі жасөпірімдер ұсталынып жатады. Оларға қылмыстық жауапкершілік жоқ, себебі бізде көрсетілмеген. Қылмыс құрамы болмағандықтан, жауапкершіліктен босатылады. Соған ұқсас сексуалдық сипаттағы қылмыстар бар. Олардың барлығы ауыр қылмыстар болып саналады. Алайда мұнда да жас ерекшелігіне сәйкес жауапкершіліктен босатылып жатады. Егер әлемдік тәжірибені қарасақ, Юнисеф пен БҰҰ баланың қылмыстық жауапкершілік жасын 12 жастан төмен көрсетуге қарсы. Олар 12 жастан жоғары жауапкершілік көрсетуге келіседі. Солардың да ойларын негізге ала отырып, кейбір аса ауыр қылмыстардың санаттарына 12 жасқа дейін түсіру қажет дегенге келісемін. Мысалы, сексуалдық сипаттағы, есірткіні тасымалдауға байланысты қылмыстар.

Бәлкім, мұнда гибридті негізде жасаған дұрыс шығар. Гибридті жауапкершілік дегеніміз мысалы бізде 14 жасқа дейін жауапкершілік көрсетілген. Алайда кейбір қылмыстар бойынша жауапкершілікті 12 жастан да көрсете аламыз дегендей. Жасөспірім 12 немесе 13 жасында өзінің әрекетіне жауап бере алатын болса, оған психологиялық сараптама жүргізу керек, онда жауапкершілікке тарту керек. Егер де эксперт бала жас ерекшеліктеріне сәйкес өзінің әрекетіне баға бере алмайды деп шешім шығарса, онда жауапкершіліктен босату қажет. Осындай психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жауапкершілікке тартуды анықтаған жөн деп ойлаймын", - деді ол.

Сарапшы балалар психологиялық тұрғыдан 12 жасқа келген кезде әлеуметтік нормаларды түсіне бастайтынын жеткізді.

⁠Қазір қоғамда оқушылардың ақша бопсалағаны, қатарластарына күш көрсеткені, зорлық-зомбылық жасағаны туралы ақпараттарды көзіміз шалады. Бұл мәселенің себебі неде?

"Бізде құқықтық білім жоқ, құқықтық насихат жүргізілмейді. Салдары осыған алып келеді. Қылмыстың жаман екені, қылмыстық жауапкершілік бары жайлы мектептерде ақпарат жоқ. Мысалы, ювеналды полиция бар, бірақ олардың жұмысы тиімді емес. Негізінен ювеналдық заңнаманы түзеткен дұрыс", - дейді заңгер редакция сауалына берген жауабында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу