Жасөспірімдер базарлар мен жанармай станцияларында жан бағып жүр

3108

Еліміздің 5 облысы мен 2 қаласында кәмелетке толмағандар жұмысқа заңсыз тартылған. 

Жасөспірімдер базарлар мен жанармай станцияларында жан бағып жүр

Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова inbusiness.kz тілшісінің бала еңбегін заңды және заңсыз пайдалануға қатысты сауалдарына жазбаша жауап берді.

"2018 жылы және 2019 жылдың I тоқсанында ел аумағында "Түнгі қаладағы балалар" атты 7340 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, саяжай, саяжай шаруашылығы, егіс алқаптары, жертөлелер, темір жол, автобус вокзалдары, көңіл көтеретін орындар, компьютерлік орталықтар, шағын аудандар, базарлар және жанармай құю станциялары сынды 63 мыңнан астам нысан тексеріліп, бұл жерлерде 10 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала болғаны анықталды. Жасөспірімдердің басым бөлігі көңіл көтеретін орындар мен компьютерлік орталықтарға барған. Жартысы базарлар мен жанармай құю станцияларында жұмыс істеген", –  деп  мәлімдеді білім және ғылым вице-министрі.

Фатима Жақыпова 2018-2019 жылдар аралығында 6 мыңнан астам ата-анаға бала еңбегін заңсыз пайдалануға болмайтыны түсіндіріліп, кәмелетке толмағандардың құқықтарына қатысты әкімшілік және қылмыстық заңнамалардың нормасы таныстырылғанын нақтылады.

Жоғарыдағы сауалға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов та жауап жазды.

Оның мәлімдеуінше, мемлекет кәмелет жасына толмағандардың еңбегіне қатысты заң талаптарын орната отырып, олардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

"Кәмелет жасына толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған бақылауды уәкілетті мемлекеттік органдар: еңбек инспекциясы, прокуратура, білім басқармасы жүзеге асырады. Қазақстан балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жоюда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. 2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторларының тексерісі кезінде кәмелет жасына толмағандарды заңсыз жұмысқа тарту бойынша Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 10 факті анықталған", – деп жазды комитет төрағасының орынбасары.

Оның түсіндіруінше, ҚР еңбек кодексі бойынша 16 жасқа толған баланы жұмысқа қабылдауға болады. Ал 14 жастағы балаларды сабақтан бос уақытында ата-анасының келісімен, денсаулығы мен психикалық жағдайына зиян келмейтін жұмысқа тартуға рұқсат етілген.

"14 жасқа толмаған балалар кинематография саласында, театрда, циркта жұмыс істей алады. Оларды ауыр, еңбек жағдайы зиянды және қауіпті жұмыстарға, оның ішінде ойын бизнесіне, түнгі ойын-сауық орындарына  тартуға, сондай-ақ алкоголь, темекі өнімдерін сатқызуға тыйым салынған. 14 жастан 16 жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін аптасына 24 сағат, 16 жастан 18-ге дейінгі жұмыскерлер үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс кестесі бекітілуге тиіс. 18 жасқа толмағандарды түнгі уақытта және үстеме жұмысқа тартуға болмайды. 18 жасқа толмаған жұмысшыларды іссапарға медициналық тұрғыдан тыйым салынбаған жағдай да ғана жіберуге рұқсат етілген. Атап көрсетерлігі, 18 жасқа толмаған жұмысшылар іссапарға шығудан бас тарта алады", – деп нақтылады Төлеген Оспанқұлов.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы №944 бұйрығында 18 жасқа толмаған жұмысшыларға тыйым салынған жұмыс тізімі бекітілген екен. Онда 18 жасқа толмаған тұлғаларды 103 мамандық пен жұмыс түрінен тұратын еңбекке тартуға тыйым салынғаны көрсетілген.

"Кәмелеттік жасқа толмағандарды жұмысқа тартуына байланысты, жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін екі жүз айлық көрсеткіш есебінде айыппұл немесе екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады", – деп нақтылады комитет төрағасының орынбасары.

2014 жылдың 5 шілдесінде жаңа редакцияда қабылданған ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық" туралы кодексінде еңбек саласындағы құқық бұзушылыққа қатысты жауапкершілік едәуір артқан көрінеді.

Төлеген Оспанқұлов кәмелет жасына толмағандарды еңбек шартынсыз жұмыс қабылдауға рұқсат берген жұмыс берушілер мен лауазымды тұлғаларға - 50, коммерциялық емес ұйымдар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 80, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 150, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 200 айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салынатынын айтты.

"Жүргізілген талдау нәтижесінде 15-17 жас аралығындағы балалар жазғы уақытта базарларда, көлік жуу мен автокөлік жөндеу орталықтарында, жанар-жағармай құю станцияларында, қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істейтіні анықталды", – деп жауап берді Төлеген Оспанқұлов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу