Жастар құрамасына жаңа таланттар алынады

2757

Қазақстан құрама командасының бапкерлер штабы Түркияның Анталья қаласында шұғыл жиналыс өткізіп, атқарылған іс-шараларды талқылады.

Жастар құрамасына жаңа таланттар алынады

Бас командадан бөлек жастар және жасөспірімдер құрамаларының бапкерлері Түркияда жаттығу жұмыстарын өткізіп жатқан футболшылардың аяқ алыстарын байқады. Премьер-лига клубтарында жүрген жас таланттардың алаңға шығуы және олардың бапкерлермен қарым-қатынасы да талқыланды. Жаңадан іске қосылған ақпараттық базаға жаңа мәліметтер енгізіліп, бапкерлік құрам үлкен істі қолға алу барысында қателіксіз қызмет ету мәселелерін сараптады. Мысалы, Қазақстан U19 командасының аға бапкері Александр Кузнецов клубтардың бапкерлерімен тығыз байланыс орнатқанын алға тартты. Ал жастар құрамасының тізгінін ұстаған Қайрат Жұмабекұлы Нұрдәулетов командаға талантты ойыншылар тапқанын жеткізді. 

"Біздің жасап жатқан жұмысымыздың нәтижесі алдағы уақытта нәтижесін береді. Бізден кейін де бапкер болған мамандар осы статистикаға, сандарға жүгіне алатын болады. Сондықтан да, қазір еліміздегі әрбір футболшының физикалық әлеуетін тіркеп жатырмыз. Бір қуанатыным Қазақстан жастар құрамасына алынатын бірнеше талантты жастарды таптық", - деді Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Қайрат Нұрдәулетов.

Сонымен қатар Анталья қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы жаңа жүйені іске қосты. Қазақстандық клубтарда өнер көрсететін футболшылардың дәл қазіргі мезеттегі физикалық жағдайлары тексеріліп, олардың көрсеткіштері арнайы базаға енгізілді. Алдағы уақытта құрама командаға алынатын ойыншылардың нәтижелері осы қордан алынып, олардың әр уақытта қандай прогресс жасағаны белгілі болмақ. Сонымен қатар, 6 ай бұрын алынған нәтижесінен төмен көрсеткіш тіркеген футболшы керісінше физикалық тұрғыдан нашарлап кеткенін де анық аңғаруға болады дейді бас бапкер. Талғат Маруаұлы Байсуфинов қарағандылық "Шахтер" командасының ойыншыларын тексерістен өткізіп, өз пікірін білдірді.

"Біз белгілі бапкер Павел Черепановпен бірлесе отырып бүкіл футболшының дәл қазіргі физикалық жағдайын өлшеп, серверге тіркеп қоюды жөн санап отырмыз. Мұндай жүйе қазақ футболында бұрын болған. Бірақ, біздің қазір істеп жатқан жүйеміз сәл кеңейтілген, толықтырылған нұсқа болады. Мысалы, қазір "Шахтер" футбол клубының ойыншыларын түгелімен тексеріп алдық. Олардың ішінде жас аяқдопшылар да бар. Бәлкім олар премьер-лига ойындарында өздерін көрсетіп, таланттарын танытатын болса, осында жинап алған сандарға байланысты біз қорытынды шығарамыз. Келесі бір оқу-жаттығу жиынына шақырған кезде осындай тестті тағы бір мәрте қайталап аламыз", - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу