Жастар мамандық таңдағанда қандай қателіктер жіберетіні белгілі болды

694

Олар жеке қызығушылық пен нарықтағы сұранысты қатар ескеруі тиіс.    

Жастар мамандық таңдағанда қандай қателіктер жіберетіні белгілі болды Фото: tgaa.in

Тағы бір оқу жылы аяқталды. Биыл Қазақстанда 215 мың түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады. Енді олардың алдында маңызды таңдау тұр. Олар болашақ мамандығын анықтауы тиіс. Бірі бала күнгі арманына ұмтылса, енді бірі еңбек нарығында сұранысқа ие салаларды таңдауға асығады. Бұл тек мамандық емес, болашақ өмір салтын, мақсат пен жауапкершілікті айқындайтын маңызды шешім болары анық. Мамандық таңдауда қателеспес үшін қандай мәселелерге ерекше назар аударған жөн? Осы тақырыпқа байланысты Халықаралық бағыт-бағдар берушілер бірлестігінің мүшесі, профориентолог Динара Оспанованы әңгімеге тарттық, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университет түлектерінің шамамен 40 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейтінін айтты. Оның себептері әртүрлі екені белгілі болды. Студент оқу барысында мамандығы өзіне сай емес екенін түсінсе, не істеуі керек?

Қазіргі таңда көптеген студент оқу барысында таңдаған мамандығы өзіне сәйкес келмейтінін түсініп жатыр. Бұл – қалыпты жағдай. Себебі мектеп бітірген түлектер болашақ кәсібін ерте жаста таңдайды, ал уақыт өте келе қызығушылығы мен қабілеті өзгеруі мүмкін. Ең алдымен, студент өзіне нақты сұрақ қойып, мәселенің себебін анықтауы қажет. Кей жағдайда мамандық емес, оқу жүктемесі, белгілі бір пәндердің қиындығы немесе психологиялық қысым әсер етуі мүмкін. Ал егер саланың өзі қызықтырмаса, онда бұл – маңызды белгі.

Мұндай жағдайда студентке басқа бағыттарды зерттеп көруге кеңес беріледі. Қазіргі университеттерде қосымша мамандану, elective пәндер, minor бағдарламалары және академиялық мобильдік мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл студентке өз қызығушылығын анықтауға көмектесетіні белгілі. Сонымен қатар, теория мен практиканың айырмашылығын да ескеру маңызды. Кейде студентке оқу процесі ұнамауы мүмкін, алайда мамандық бойынша жұмыс тәжірибесі қызықты болуы ықтимал. Сондықтан тағылымдамадан өту, еріктілік жобаларға қатысу немесе part-time жұмыс істеп көру пайдалы. Егер студент өзіне басқа бағыт жақын екенін нақты түсінсе, мамандық ауыстырудан қорықпауы керек. Бұл – қателік емес, кәсіби тұрғыда өзін іздеу процесі. Ұнамайтын салада ұзақ жыл жұмыс істегеннен гөрі, уақытында дұрыс шешім қабылдау әлдеқайда тиімді деп ойлаймыз.

Бүгінде еңбек нарығында тек диплом емес, адамның нақты дағдылары маңызды рөл атқаратынын біз әріптестерімізбен әрқашан қайталап айтып, ескертіп отырамыз. Атап айтқанда, коммуникация, цифрлық сауат, шет тілдерін білу және аналитикалық ойлау қабілеті жоғары бағаланады. Сондықтан көптеген жастар дипломы бір салада болғанымен, басқа бағытта табысты еңбек етіп жүргенін көру дағдыға айналып кетті. Ең бастысы – студент қоғамның немесе айналасының қысымымен емес, өзінің қызығушылығы мен қабілетіне сүйене отырып шешім қабылдауы қажет.

– Мамандық бойынша жұмыс істемейтін түлектер саны азаюы үшін қандай өзгерістер қажет?

Ең алдымен жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт беру керек деп ойлаймыз. Қазір көп талапкер нақты қызығушылығына емес, грантқа, беделге немесе ата-анасының қалауына қарап таңдау жасайды. Салдарынан оқу барысында немесе оқу бітіргеннен кейін өз саласына қызықпайтын жастар көбею үстінде. Өзім де ЖОО оқытушы ретінде қосарым, сессияға да жетпей, студенттер оқудан өз еркімен, мамандығымды қате таңдаппын деп, оқудан шығып жатқандарды да кездестіріп отырамын. Сондықтан мектептен бастап кәсіби бағдар беру жұмысын күшейту маңызды. Оқушылар әр мамандықтың ерекшелігін, болашақтағы мүмкіндігін, еңбек нарығындағы сұранысын алдын ала білуі керек. Мектепте бір ғана кәсіби бағдар берушілердің санын да көбейту керек деген мәселені әріптестерімізбен көтеріп жатырмыз. Себебі, әр оқушыға жеке кеңестер жасап, бағыт беру едәуір ұтымды әрі сапалы болатынын айтып жатырмыз.

Екінші мәселе – университеттегі білімнің тәжірибемен байланысы. Кей жағдайда студент теорияны оқиды, бірақ болашақ жұмыстың қандай болатынын толық түсінбей жатады. Сол себепті оқу барысында тәжірибе, тағылымдама, жұмыс берушілермен бірлескен жобалар көбірек болуы қажет. Студент мамандықты іс жүзінде көрсе, өз таңдауына сенімді болады деп ойлаймыз. Сонымен қатар, қазіргі еңбек нарығы өте жылдам өзгеріп жатыр. Кейбір жаңа мамандықтар пайда болып, кей салаларға сұраныс азаюда. Сондықтан университеттер тек теория емес, қазіргі заманға қажет дағдыларды да үйретуі керек.

– Қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды қалай дұрыс анықтауға болады? Нені ескеру керек?

Қазір еңбек нарығы өте тез өзгеріп жатыр. Сондықтан сұранысқа ие мамандықты анықтау үшін тек бүгінгі жағдайға емес, алдағы бірнеше жылдағы өзгерістерге де қарау керек. Мысалы, технология, IT, жасанды интеллект, инженерия, медицина сияқты салаларға сұраныс әлі де жоғары болады деп күтіледі. Бірақ мамандық таңдағанда тек "қай салада ақша көп" деген түсінікпен шектелмеу керек. Адамның өз қызығушылығы мен қабілеті де маңызды. Егер мамандық адамға ұнамаса, ол салада ұзақ уақыт жұмыс істеу қиын болады. Сондықтан сұраныс пен жеке қызығушылық қатар ескерілуі қажет. Сонымен бірге, қазір жұмыс берушілер тек дипломға емес, нақты дағдыға қарайды. Сол себепті студент оқу кезінде тәжірибе жинап, қосымша қабілеттерін дамытуы керек. Әсіресе цифрлық сауат, шет тілдері, коммуникация және жаңа технологиялармен жұмыс істей білу үлкен артықшылық береді. Тағы бір маңызды нәрсе – икемді болу. Қазіргі заманда бір мамандықпен ғана шектеліп қалу қиын. Адам үнемі жаңа нәрсе үйреніп, өзгеріске бейімделіп отыруы керек. Сондықтан болашағы бар мамандық дегеніміз – дамуға мүмкіндік беретін сала деп ойлаймыз.

– Тағы бір оқу жылы артта қалды. Мектеп оқушылары мамандық таңдауда көбіне қандай қателік жіберіп жатады?

Ең жиі кездесетін қателік – мамандықты өз қалауымен емес, сыртқы факторларға қарап таңдау. Мысалы, кейбірі грант көп бөлінетін салаға барады, енді бірі ата-анасының немесе достарының кеңесіне сүйенеді. Кей жағдайда оқушылар мамандықтың атауына қызығып, оның ішкі мазмұнын толық зерттемейді. Болашақта қандай жұмыс атқаратынын, ол салаға қандай қабілет қажет екенін ойлана бермейді. Соның салдарынан оқу барысында таңдауы өзіне сәйкес келмейтінін түсініп жатады.

Тағы бір мәселе – көп оқушы өз қабілеті мен қызығушылығын нақты білмейді. Біреу гуманитарлық бағытқа жақын болса да, қоғамда сұраныс жоғары деп техникалық мамандықты таңдайды. Бірақ адамға ұнамайтын салада мотивацияны сақтау қиын. Сондықтан мамандық таңдағанда тек қазіргі трендке емес, адамның өзіне не жақын қабілеті соған келе ме дегенді түсіну маңызды. Сонымен қатар болашақтағы даму мүмкіндігіне, еңбек нарығындағы сұранысқа және жеке қабілетке бірге қарау керек деп ойлаймыз.

– Ата-ананың таңдауы мен баланың қызығушылығы арасындағы қарама-қайшылық қаншалықты әсер етеді? Бұл мәселені шешуде кәсіби бағдар беру жүйесі қалай көмектесе алады? Өзіңіздің басыңыздан өткен кейске тоқталып өтсеңіз.

Ата-ананың таңдауы мен баланың қызығушылығы сәйкес келмеген жағдайда, бұл мәселе жас адамның мамандық таңдауына тікелей әсер етеді. Көп жағдайда оқушы ата-анасының пікіріне көнеді, бірақ ішкі қалауы ескерілмегендіктен, кейін оқу барысында қызығушылықтың төмендеуі немесе мамандықты толық меңгеруге құлықсыздық пайда болуы мүмкін.

Біздің ойымызша, ең дұрыс шешім – ата-ана мен баланың ортақ пікірге келуі және таңдауды эмоцияға емес, нақты ақпарат пен мүмкіндіктерге негіздеу.

Менің тәжірибемде осындай бір жағдай жиі есте қалады. Оқу орталықтарының бірінде ата-ана қызын ҰБТ-ға дайындық курсына әкеліп жаздырды. Администратор оқушыдан қай бейіндік пәндер комбинациясын таңдайтынын сұрағанда, қыз бала ата-анасына қарап, нақты жауап бере алмай, тек олардың пікірін күтті. Сол сәтте әкесі "қызым инженер болады, сондықтан соған сәйкес дайындық керек" деп шешімін бірден айтты. Сырттай бақылап тұрған мен бұл жерде баланың өз таңдауы ескерілмей тұрғанын байқадым. Сол себепті ата-анаға және оқушыға кәсіби бағдар беру тұрғысынан көмектесуді ұсындым. Оқушыны жеке кабинетке шақырып, оның қызығушылығы, қабілеті мен бейімділігі бойынша толық талдау жүргіздік. Кейін нәтижесін ата-анасына түсіндіріп бердік. Талдау қорытындысы бойынша, оқушының техникалық емес, шығармашылық бағытқа бейімі айқын көрінді. Нақтырақ айтқанда, оның актерлік шеберлік пен сахналық өнерге қызығушылығы жоғары екені анықталды. Бастапқыда әкесі бұл шешімге күмәнмен қарағанымен, нақты деректер мен талдау нәтижесін көргеннен кейін қызын шығармашылық бағытта оқытуға келісім берді. Уақыт өте келе ол оқушы грант негізінде университетке түсіп, бүгінде үшінші курс студенті. Қазір оқу үлгерімі жақсы, өз мамандығына деген қызығушылығы жоғары, шығармашылық қабілеттері де дамып келеді. Сонымен қатар ол шағын театрлық қойылымдарға қатысып, өнер саласында белсенді жұмыс істеп жүр.

Тәжірибемде тағы бір ойландыратын жағдай болды. Медицина университетінің екінші курс студенті оқудан шығуға өтініш жазып жатқанын көрдім. Ол мемлекеттік грант негізінде оқып жүрген екен. Себебін сұрағанымда, бұл мамандықты өзі таңдамағанын, ата-анасының шешімімен медицинаға түскенін айтты. Ал оның шынайы арманы – ТЖМ қызметкері болу екенін жеткізді. Сол себепті қазір оқудан шығып, өз бағытына ауысуды қарастырып жүргенін айтты. Бұл жағдай мамандық таңдаудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет көрсетеді. Мұндай мысалдар аз емес.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу