Шамамен 650 қазақстандық Ресей түрмесінде жазасын өтеп жүр. Бұл туралы Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біздің 900 отандасымыз жазасын шетелде өтеп жатыр. Олардың басым бөлігі, яғни шамамен 650 адам Ресейде. 1000-ға жуық шетелдік еліміздің түрмелерінде отыр. Олардың дені Өзбекстан азаматтары. Балалары шетелде оқып жатқан ата-аналар, жұбайлары немесе туыстары шетелде жүрген азаматтарға маңызды үндеу тастағым келеді. Олар елден жырақта жүрген жақындарымен үнемі байланыста болып, хабардар болып отыру керек. Сіздер бір мәселені түсінулеріңіз қажет. Өкінішке қарай, біздің жастар оңай ақша табамыз деп шетелге барып, ұрынып қалу, келеңсіз жағдайға түсіп қалу оқиғалары өте көп. Әсіресе, есірткі тасымалдауға байланысты мәселелер бар. Шетелде болсын, бізде болсын есірткіге қарсы жаза өте ауыр. Мысалы, шетел түрмесінде жазаны өтеу қиын, себебі тілдік кедергі бар. Ол қарапайым нәрсені де сұрай алмайды. Кейбір елдерде "мәжбүрлі еңбек" деген ұғым бар. Адам жұмыс істемеген жағдайда оған тамақ берілмейді", - деді Ғалымжан Қойгелдиев тілшілердің сауалына берген жауабында.
Айтуынша, шетелде жүргенде абай болып, барған елдің ережелерін сақтау қажет.
"Соңғы бес жылда Қазақстанға 160 отандасымызды (ред. – сотталушы) қайтардық, 190 шетелдікті өз елдеріне жібердік. Осы жылдың тоғыз айында жазасын өтеп жатқан 24 азаматымызды елге қайтардық", - деді Бас Прокурордың орынбасары.