Жастар желтоқсанда баспаналы болады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
12256

Жалдамалы пәтер алған азаматтар "7-20-25" бағдарламасына қатыса алмайды. 

Жастар желтоқсанда баспаналы болады

Қараша айының 5-10 күндері аралығында Нұр-Сұлтан қаласында 29 жасқа толмаған жастарға сатып алу құқығынсыз 5 жылға берілетін жалдамалы пәтерге өтінім қабылданады. Жалдамалы пәтерде тұрғысы келетін жастар жоғарыда көрсетілген уақыт аралығында Smart Astana қосымшасы арқылы электронды өтінім беруге тиіс.

Нұр-Сұлтан қалалық "Тұрғын үй" қорының директоры Нұрсұлу Қожахметованың мәлімдеуінше, елордалық жастарға 1-2 бөлмелі 1050 пәтердің кілті желтоқсан айынан бастап табысталады.

"Барлық талапқа сай болған өтініш иелеріне екі бөлмелі - 202, бір бөлмелі - 848 пәтер беріледі. Пәтер жалдау құны айына шамамен 5-15 мың теңге.

Жалдау құны пәтерлердің ауданына байланысты болады. Пәтерлердің ауданы 30-45, 46-70 шаршы метрді құрайды. Сатып алу құқығы берілмейтіндіктен, жастар 5 жылдан соң пәтерді босатады", – деді директор.

Жалдамалы пәтерде тұрғысы келетін жастардың айлық жалақысы 101 мың теңгеден кем болмауға тиіс. Пәтердің коммуналдық төлемі жалдау ақысынан бөлек төленеді.

Нұрсұлу Қожахметованың түсіндіруінше, қабылданған өтініштер тексеріліп, іріктеліп болғаннан кейін, ұпайы жоғары үміткерлердің тізімі жасалады. Пәтер "Артем" сауда үйінің жанында және Бөгенбай мен Жәнгелді көшелерінің бойына орналасқан тұрғын үй кешендерінен үлестіріледі.

"Жалдамалы пәтерде тұратын жастар "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен" есепшот ашып, 5 жыл ақша жинауға міндеттеледі. Кейін олар жинақтарына үй сатып алады. Үміткердің жекеменшігінде жылжымайтын мүлік болмауы керек", – деді "Тұрғын үй" қорының басшысы.

Айта кетейік, жалдамалы пәтерде тұрғысы келетін азаматтар балдық жүйе бойынша таңдалады. Сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімінен табылған үміткерге қосымша 10 балл, жұптасқан жастарға 5 балл, отбасындағы әр балаға бір балл және жеке бизнесі бар жастарға 5 балл беріледі.

Жастар және отбасы істері бойынша комитет төрағасының орынбасары Шахмардан Баймановтың айтуынша, бағдарлама 2021 жылға дейін жүзеге асырылады. Алдағы 3 жылда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 9 мың пәтер беріледі. Биыл

Нұр-Сұлтанда -1050, Алматыда - 1050, Шымкентте - 904 пәтер тапсырылады.

"Жастарға арналған жалдамалы пәтер жобасын жүзеге асыруға  республикалық бюджеттен 21,6 млрд теңге бөлінеді. Жалдамалы пәтер алған жастар "7-20-25" бағдарламасына қатыса алмайды", – деді Шахмардан Байманов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу