Жастар жылына республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7519

Мәжіліс әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған құжатты мақұлдады.

Жастар жылына республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы мақұлданды. Заң жобасы елбасының "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын орындау мақсатында дайындалды. Премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов атап өткендей, құжат Қазақстанды дамытуға, халықтың өмірін жақсартуға арналған маңызды шараларды қаржыландыруға бағытталған.

"Республикалық бюджет түсімдерінің нақтыланған болжамы 821 млрд теңгеге ұлғаюымен 10 трлн 569 млрд теңгені құрайды. Бұл түсімдер кедендік әкімшілендіруді күшейту нәтижесіндегі 200 млрд теңге көлеміндегі қосымша кірістер, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті 250 млрд теңгеге ұлғайту, тікелей инвестициялар қорын құруға Ұлттық қордан 370 млрд теңге сомасында нысаналы трансферт тарту нәтижесінде қамтамасыз етіледі", – Әлихан Смайылов.

Министрдің айтуынша, 2019 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 1 трлн 168 млрд теңгеге ұлғая отырып, нақтылаудың нәтижесінде 11 трлн  895 млрд теңгені құрамақ.

"Бюджетті нақтылаудың негізгі бағыты "Әлеуметтік қамқорлық" жаңа әлеуметтік шараларды іске асыруға арналған. Оларға ағымдағы жылы тиісті іс-шаралар бойынша 444,3 млрд теңге бөлінеді. Осы орайда 2019 жылға арналған 224,3 млрд теңге шығыстары бар азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейтуге негізделген. Қаражат атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін ұлғайтуға, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға жәрдемақы, сондай-ақ бала күнінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау жөніндегі жәрдемақылар мөлшерін ұлғайтуға және бюджет саласының ақысы төмен қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бағытталатын болады", – деп нақтылады премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі.

Қаржы жағынан қамтамасыз етілуі нақтыланған бюджет жобасында көрініс тапқан іс-шаралардың тағы маңызды блогы – "Жастар жылы". Аталған бағыт бойынша республикалық бюджеттен қосымша 24,6 млрд теңге бөлінетін болады.

"Одан кейінгі маңызды бағыт – "Қазақстан инвестициялық даму қоры" тікелей инвестициялар қорын құру. Қор шикізаттық емес секторда шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестициялау негізінде ірі серпінді жобаларды іске асыру үшін құрылады", – деді Әлихан Смайылов.

Бюджетті нақтылау аясында бұрын айтылған бастамаларды іске асыру жалғастырылатын болады. Мәселен, Түркістан облысы мен Астана қаласын дамытудың кешенді жоспарларын іске асыруға қосымша түрде тиісінше 42,3 млрд теңге және 21,8 млрд теңге бағыттау ұсынылады.

"Осы қаражатты, сондай-ақ өңірлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жоғарыда аталған бастамаларды ескере отырып, ағымдағы жылы Түркістан облысының нысаналы трансферттерінің жалпы көлемі 60 млрд теңге, Астана қаласына 140 млрд теңгені құрады. Биыл өңірлерге нысаналы трансферттердің жалпы көлемі 1 трлн 562,7 млрд теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінің 13,1 пайызын, ал субвенцияларды есепке алғанда 26,5 пайызды құрайды", – деді министр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу