Жастарды "Самұрық-Қазынаға" жұмысқа орналастыру бағдарламасы басталды

2726

Өтінішті 31 наурызға дейін беру керек. 

Жастарды "Самұрық-Қазынаға" жұмысқа орналастыру бағдарламасы басталды

"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ жыл сайынғы "Жас Өркен" жас мамандарды даярлау бағдарламасы басталғанын жариялады. Қордың адам ресурстарын басқару департаменті директоры Анар Мұхамеджанова "Самұрық-Қазына" компанияларына жұмысқа орналасуға жоғары оқу орындарының үздік түлектерін шақырды.

"Жас Өркен" бағдарламасы жоғары оқу орындарының дарынды түлектерін тарту, іріктеу және дамытуға арналған. Бұл – адам ресурсына салынған инвестиция әрі кәсіби шеберлігі мол жаңа буын менеджерлерін қалыптастыру құралы. Жастар ірі өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істеп, тұрақты түрде білімін жетілдіреді. Әр қатысушыға портфельдік компанияның желілік менеджерлері арасынан жеке тәлімгер тағайындалады. Жұмысы үшін жалақы төленеді. Іріктеуден өткендер азаматтар мамандығына және кәсіби бағытына байланысты 20 ай ішінде "Самұрық-Қазына" қорының түрлі компанияларында 5 айдан ауысып тәжірибе жинақтайды. Кәсіпорындар арасында ауысу – өндірісті жан-жақты түсінуге көмектеседі", - деді Анар Мұхамеджанова.

"Самұрық-Қазына" корпоративтік университеті директоры Ақмарал Қадырбаева "Жас Өркен" бағдарламасына қатысу ерекшелігіне тоқталды.

"1 қаңтардан бастап бағдарламаға талапкерлерді қабылдау басталғанын жарияладық. 31 наурызға дейін тіркеу формасын толтыру керек. Байқау бес деңгейден тұрады. Бірінші кезеңде эссе жазып, онлайн-кейстің шешімін табу қажет. Одан кейін, сәуірдің 20-28 аралығында үміткермен кездесіп, санмен  және ауызша берілген ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтаймыз. Үшінші кезеңде қатысушылар топ болып жұмыс істейді. Мамыр – маусым айларында жеке тур өтеді. Ол кезде жеке сұхбаттасамыз және сараптамалық таныстыру жүргізіледі. Соңғы кезеңде байқау комиссиясы жеңімпаздарды анықтайды. Әр деңгей жайлы мәліметтерді сайттан, әлеуметтік желілерден алып отыруға болады", - деді корпоративтік университет директоры.

Ақмарал Қадырбаева конкурс ашық әрі әділетті өтетініне сендірді.

"Жас Өркен" ашық іріктеу өткізетін брендке айналып отырған бағдарлама. Іріктеу кезеңдеріне көз салсаңыз, алдымен талапкерлер онлайн тіркеледі. Бағалаушылардың үміткерлерге қатысты жеке мәліметті қарауға мүмкіндігі жоқ. Олар тек талапкердің тіркелген нөмірін ғана көреді. Сонан кейін, конкурстық комиссияға құжаттар өткізген кезде  талапкердің жеке мәліметін бермейміз. Шешім қабылданатын соңғы кезеңді қалаған адам көре алуы үшін онлайн трансляция жүргізіледі. Сондай-ақ, осы турға портфельдік компаниялардың басшылары мен тәуелсіз бақылаушылар, халықаралық компания өкілдері де қатысады. Іріктеудің ашық өтуі маңызды", – деп түсіндірді корпоративтік университет директоры.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түлегі Әділ Әбдіхан осы бағдарлама аясында барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, "Самұрық-Қазынаға" жұмысқа орналасқан екен.

"Жұмыс орнын алмастыру бойынша төрт өндірістік компанияда тағылымдамадан өттім. Арасында тренингтерге қатысып, коучинг сессияларда жеке қабілеттерімді дамытуға мүмкіндік алдым. Қазір "Самұрық-Қазына" корпоративтік университетіне қарасты сараптамалық орталықта қызмет етіп жатырмын. Мамандығым – автоматтандыру-басқару", – деді жас маман.

Еске сала кетейік, бағдарламаға 2018, 2019 және 2020 жылғы бакалавриат пен магистратура түлектері қатыса алады. Ол үшін https://zhasorken.skcu.kz/index сайтында 2020 жылдың 31 наурызына дейін өтініш беру керек. Талапкердің мамандығы мен қандай факультетті бітіргені маңызды емес. Күшін сынағысы келген түлектердің барлығы конкурсқа қатыса алады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу