Жастарға микрокредит беру үшін қаражатты қайта бөлу мәселесі пысықталады

Облыстарда микрокредитке сұраныс жоғары, ал қалаларда төмен. 

Жастарға микрокредит беру үшін қаражатты қайта бөлу мәселесі пысықталады Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz

"Өңір әкімдері Өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекіткен болатын. Биыл жұмысқа орналастыру бойынша   жоспарлы көрсеткіш – 947 мың адам. Жергілікті жұмыспен қамту органдары "10 мың тұрғынға  – 100 жұмыс орны" бастамасы бойынша   субсидияланатын жұмыс орындары аясында белсенді жұмыс жүргізуде. Жұмыс берушіге   адамдарды жұмысқа қабылдау   тиімді болады. Өйткені ол үшін жергілікті бюджеттен субсидия алады", – деп бастады сөзін Премьер-Министр. 

Жыл басынан бері жұмыс күші тапшы өңірлерге басқа өңірлерден 1300-ден астам отбасы көшірілген. Бұл ретте Смайылов көшіп келушілердің жаңа жерде тұрақтап қалуға мүдделі болуы үшін олардың бейімделуіне көбірек көңіл бөлу қажет деп есептейді. Сонымен қатар ол жастарға берілетін жеңілдетілген несиелерге тоқталды. 

"Өз ісін дамыту үшін микрокредиттер мен гранттар беру бойынша   кешенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні 5  мыңнан астам грант және жастарға 1,5 мыңнан астам микрокредит берілді. Конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5%-пен жеңілдікті кредит берілуде. Аталған шаралардың барлығы   халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған", – деген Әлихан Смайылов үш мәселеге баса назар аударды. 

Біріншіден, аймақ әкімдері өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру,   микрокредиттер беру барысын  бақылауда ұстауға тиіс. Жастардың тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа тұруына баса назар аудару керек.
 
Екіншіден, Қаржы министрлігі Еңбек министрлігімен бірлесіп, жастарға микрокредит беру үшін қаражатты қайта бөлу мәселесін пысықтауы қажет.  

Кейбір өңірлерде, мысалы, Қызылорда, Жамбыл және Атырау облыстарында   жоспар асыра орындалуда.
Ал, Астана және Алматы сияқты ірі қалаларда көрсеткіш төмен. Демек, облыстарда микрокредитке сұраныс жоғары.

Үшіншіден, Еңбек министрлігі өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде   азаматтардың жұмысқа орналасуына   тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керек.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу