"Реальное время" басылымының хабарлауынша, өткен аптада РФ-та ең қызу талқыланған бастамалардың бірі – крепоснойлық (басыбайлы) құқықты қайта енгізу идеясы болды. Бастама авторы – белгілі кәсіпкер-миллиардер Стерлигов.
Оның мәліметінше, көңіліне жақпағаны немесе кеңседе тегін кофе болмағаны үшін жұмысты орта жолда оп-оңай тастап жүре беруге жаман үйренген "зумерлер" бизнес үшін нағыз сау басқа "сақинаға" айналған.
Сондықтан спикер жұмысшыларға өз еркімен жұмыстан шығуға жылына бір-ақ рет рұқсат беруді ұсынды. Бірақ жұмыс берушілер қанша рет жұмыстан қуамын десе де, еркі болады.
Бұл, мәніне үңілсек, қарабайыр шаруаның өз қожайынын тастап кете алатын жалғыз мерзімі – "Юрьев күні" тәртібін тірілтуге деген талпыныс. Осылайша, ескінің сарқыты бүгінгі нарықтың дертіне шипа ретінде ұсынылып, еркіндік пен міндеттің арасалмағы таразыға түсуде.
"Ресейде крепоснойлық құқық қайта оралуы мүмкін бе? Белгілі бизнесмен-миллиардер Герман Стерлигов қызметкерлердің өз еркімен бір жыл ішінде бір реттен артық жұмыстан шығуына тыйым салуды ұсынды. Ол крепоснойлық құқық кезеңіндегі еңбек нормасын қайтаруды жақтайды. Сол қараңғы замандарда Юрьев күні деген тәжірибе болған: крепоснойлық шаруалар помещиктерін тек жылына бір рет, белгіленген мерзімде ғана ауыстыра алатын еді", – деп жазды "Реальное время".
Ресейлік басылым бұған қоса, федералдық ақпарат агенттіктерінің бірінде крепоснойлық құқықты қорғаштап, "Не было рабством" деп айғайлаған атаумен мақала шыққанына назар аудартады.
"РИА Новости" жариялаған бұл мәтінде сауатты тарихшының төбе шашын тік тұрғызатын тезистер кездеседі: крепоснойлық деген "толыққанды құлдық емес", керісінше, қаражат тапшылығы және қымбат несие жағдайындағы "қажетті шара" болған, мұндай шектеулер сол кезеңдегі елдің күрделі жағдайына байланысты енгізілген дейді. Бұдан тарихи сананы қайта қарау арқылы өткеннің қатал заңдарын бүгінгі күннің қажеттілігі ретінде ақтау үрдісі байқалатындай.
"1714 жылы шаруалар холоптармен (құлмен) теңестірілді, яғни, помещиктің жеріне тәуелділігіне қоса, оған жеке басының тәуелділігі де енгізілді. II Екатерина кезеңіне дейін крепоснойлық құбылысы прогрессивті болмаса да, қажетті шара болды. Жалдамалы еңбек дамуы үшін жағдайлар болмады. Елде ақша қатты тапшы болды. Күміс өндірілмеді. Экспорт шектеулі еді. Оның үстіне несие пайызы өте жоғары болды", – делінген агенттік мақаласында.
Айта кетерлігі, осы сипаттамалардың көпшілігін, басқаша түрде болса да, қазіргі Ресей экономикасынан табуға болады. Экспорт мүмкіндіктерінің шектеулігі, санкциялар, еркектердің жетіспеушілігі аясында еңбек нарығын дамытудағы қиындықтар және қарыз қаражатының қымбаттығы – бұл мәселелердің барлығын бүгінде ресейлік экономистер мәселе етіп көтеріп жүр.
Бірақ шешімі сол бойы табылмады. Содан экономикалық тығырықтар заманауи нарықты қайтадан көнерген әкімшілік бұғауға салуға итермелеп отырғаны ма?
"Крепоснойлық құқық толыққанды құлдық болған емес. Құлдық дегеніміз – құлды адам ретінде мойындамау, оған мемлекеттің өміріне қатысуына тыйым салу. Ал, Ресейде крепосной шаруалар салық төлеген, әскерде қызмет еткен. Олар құқық субъектілері болды, бірақ құқықтары шектеулі еді", – деп түсіндіреді тарих ғылымдарының докторы, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің Тарих институтындағы Ресей тарихының деректану кафедрасының меңгерушісі Кирилл Назаренко.
Дәстүрлі түрде Ресейдегі крепоснойлықтың басталуы 1497 жылмен байланыстырылады: бұл III Иванның "Судебнигі" енгізілген кезең. Құжатта бұрыннан болған "Юрьев күні" алғаш рет ресми бекітілді. Оған сәйкес, шаруа тек аталған мерекеге дейін 1 апта қалғанда және ол мерекеден кейінгі 1 апта ішінде ғана жаңа қожайын тауып, ауыса алатын.
Бірақ қазіргі зерттеушілер бұл норманы шаруаның құқығын шектеу емес, керісінше, оны қорғау тетігі деп түсіндіруге бейім, деп жазады "РИА Новости". Тарихи ұғымдардың мағынасын өзгерту – жаңа шектеулерді енгізудің идеологиялық негізіне айналуда. Жалпы, осы арқылы ресейлік ғалымдар қоғамды әлденеге дайындап жатқан сияқты.
Дәл осы тарихи тәжірибені билікке жақын кәсіпкер Герман Стерлигов ту етіп көтеріп отыр. Ол "Абзац" басылымына сұхбатында қызметкерлерге жұмыстан тек жылына бір күнде ғана кетуге рұқсат беруді ұсынды.
Оның сендіруінше, бұл жас ұрпақ үшін де пайдалы болады: олар жұмысқа да, өз өміріне де жауапкершілікпен қарауға үйренеді. Алайда қазіргі заманда жеке тұлғаның еркіндігін "тәртіп пен тәрбие" желеуімен шектеу – патриархалдық басқару жүйесін аңсаудың белгісі болса керек.
"Ресейде жұмыстан кетуге тек жылына бір рет – Юрьев күнінде ғана рұқсат беру керек. Баяғы Юрьев күнін қайтару қажет. Бұл – күзде келетін мереке, оған дейін бір апта және одан кейінгі бір апта ішінде адамдар өз жұмыс берушісінен, өз қожайынынан рұқсат алып, қалаған жағына кете алатын. Ал, қазіргі адамдар, әсіресе жастар бір жұмыстан екіншісіне бүрге сияқты секеңдеп жүреді. Келеді де, ертесіне жұмыстан шығып кетеді. Бұл – бейберекет, бейбастақ жағдай", – деді РФ бизнесмені.
Оның пікірінше, мұндай бастаманы қайта тірілту "тамаша дәстүрге" айналар еді. Кәсіпкердің тұжырымдауынша, жұмыстан кету мүмкіндігін қатты шектеу жұмыс берушілерге қызметкерлерді оқытуға көбірек инвестиция салуға мүмкіндік береді.
"Егер қызметкер тек жылына бір рет қана кете алса, онда жұмыс беруші оны оқыту мен дамытуға уақыт пен ресурс жұмсауға ынталанады. Жиі жұмыс ауыстыра беретін адамдар өмірін босқа шығындайды, тұрақты дағдылар мен кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндігі болмайды", – деп сендіріп бақты Стерлигов.
Биліктің кейбір өкілі әзірге бұл идеяға мысқылмен қарап, "қызық екен... тіпті күлкілі" дегендей сыңай танытып, ернін сылп еткізді. МемДуманың еңбек, әлеуметтік саясат және ардагерлер ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Ярослав Нилов бұл мәселе бойынша әзірге ешқандай заңнамалық бастама жоқ екенін жеткізді.
Сондықтан қызметкерлердің жұмыстан шығу құқығын шектеу туралы ұсыныс қазіргі еңбек заңнамасына қайшы келеді және оны байыпты қабылдауға болмайды, деді ол ТАСС-қа түсіндірмесінде. Ресми билік әзірге құқықтық мемлекет қағидаларын сақтағансып, шектен шыққан радикалды ұсыныстардан іргесін аулақ салғандай түр танытып отыр.
"Мен бұл ұсынысты әзіл екен деп, ирониямен қабылдадым. Оның бастамасы кезіндегі крепоснойлық құқықты еске салады. Сондықтан мұны байыпты қарастырудың қажеті жоқ. Қолданыстағы Еңбек заңнамасының нормаларына сүйену керек. Кез келген қызметкер жұмысқа орналасуға да, жұмыстан шығуға да құқылы. Қандай әлеуметтік топтардың өкілдерін жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға болмайды? Жұмыс берушіні өз еркімен жұмыстан шығатыны туралы қанша уақыт бұрын ескерту қажет? Тараптардың келісімі бойынша жұмыстан шығару қалай жүзеге асады? Еңбек заңнамасында бәрі нақты жазылған", – деді Нилов.
Депутат сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы заңнамаға ұсынылатын кез келген өзгерістер үшжақты комиссия арқылы қаралатынын еске салды. Бұл комиссияға жұмыс берушілердің, кәсіподақтардың және Үкіметтің өкілдері қатысады.
Демек, миллиардер крепоснойлық құқықты енгізгісі келсе, тараптардың бәрінің келісімін алуы шарт. Мемдума өкілінің пікірінше, еңбек нарығындағы мүдделер теңгерімі дәл осы тетік арқылы қамтамасыз етіледі.
Әйтсе де басқа депутаттар мен министрлер бұл мәселе бойынша мүлде пікір білдірмеуді жөн көрді: бұл идеяны ашық қолдаған да жоқ, белсенді теріске шығаруға да асықпады. Үнсіздік – келісімнің емес, үнсіз бақылаудың белгісі болуы мүмкін: билік алдымен әлдебір "әпендінің" аузымен ақылға сыймас идеяны айтқызып, қоғамның мұндай "экзотикалық" ұсыныстарға реакциясын байқап көреді. Бұл – үлкен саяси ойынның бір бөлігі іспетті.
Тарихи тұрғыдан алғанда "Юрьев күні" (ескі стиль бойынша 26 қараша, қазіргі күнтізбе бойынша 9 желтоқсан) ауыл шаруашылығы жұмыстары аяқталған кезеңге сәйкес келетін. Сол кезде шаруа помещик алдындағы міндеттемелері бойынша есеп айырысып, қарызын жауып, "выход" деп аталатын әрекетті жүзеге асыра алады. Барлық талаптарды орындаса ғана басы еріксіз байлаулы поместьеден кетіп, басқа өңірдегі өзге, мейірімдірек қожайынның "иелігіне" өтуге мүмкіндік алған.
Айта кету керек, ІІ Александр Ресейде крепоснойлық құқықты жойғаннан кейін қожайынсыз және жерсіз қалып, егін сала алмай, ашыққан шаруалар бас көтерді. Көтерілістер басып-жаншылды. Кейінгі патшалар әлеуметтік кернеуді азайту үшін миллиондаған шаруаларды жаппай Қазақстанға қоныстандырғаны тарихтан белгілі.