Жастық пен тәжірибе үйлесім тапқан құрама "БАӘ турында" жалпы есепте сынға түседі

2267

Өткен жылдармен салыстырғанда биылғы маусымда Әлемдік турдың алғашқы жарысы "Біріккен Араб Әмірліктерінің Туры" болмақ. Бұл бірнеше жыл ішінде өте маңызды әрі беделді жарысқа айналған, велоспорттың нағыз жұлдыздары бас қосатын сайыс.

Жастық пен тәжірибе үйлесім тапқан құрама "БАӘ турында" жалпы есепте сынға түседі

Биыл да Әлемдік турдың командалары "БАӘ турына" ең мықты құраммен келуді жоспарлап отыр. Олардың арасында Astana - Premier Tech командасы да бар. Ал команда көшбасшысы Қазақстанның қазіргі чемпионы Алексей Луценко болады.

Бұған дейін Луценко Таяу Шығыста өтетін жарыстарда өте табысты өнер көрсеткен. Мысалы, "Оман Турының" жалпы есебінде қазақстандық шабандоз екі мәрте жеңіске жеткен. Өткен жылы Алексей "Біріккен Араб Әмірліктері" турының жалпы есебінде үшінші нәтиже көрсетті. Луценконың бұл жарыстағы басты мақсаты - былтырғы нәтижені қайталауға немесе тіпті жақсартуға тырысу.

""БАӘ туры" - бұл маусым басындағы маңызды жарыс. Мен мұнда айтарлықтай жақсы нәтижеге қол жеткізгім келеді. Басты мақсатымыз - жалпы есеп үшін күрес. Былтырғы нәтижемді қайталауға тырысамын. Ол уақытта мен жеңіс тұғырына көтерілген болатынмын. Егер былтырғы жетістігімді жақсарта алсам, тамаша болар еді. Әрине, кезеңдердің бірінде жеңіс үшін таласқа түсемін. Мен былтыр сол мақсатыма біртабан жақын болдым. Сондықтан жеңіске жетуге тырысамын. Мұнда көптеген мықты шабандоздар жарыс жолына шығуды жоспарлап отыр. Олардың барлығы да алдарына үлкен мақсат қойған. Сондықтан жекпе-жекте бәсекелестік жоғары болады. Маусымның алғашқы жарысы мен үшін жаман өткен жоқ. "Прованс турында" мен күн сайын бабымның жақсарғанын сездім. Әрине, жарты жылға жуық үзілістен кейін бірден жарыс режиміне ауысу оңай болған жоқ. Бірақ оқу-жаттығу жиыны мен "Прованс туры" маған маусымды дұрыс бағытта бастауға көмектесті", - деді Алексей Луценко.

Astana - Premier Tech "БАӘ турына" мықты және өршіл команданы алып барады. Бұл жастық пен тәжірибенің көрсеткіші және бірқатар шабандоздар қазақстандық-канадалық команда құрамында дебютке дайындалуда.

""БАӘ туры" біздің команда құрамындағы бірнеше жас шабандоздар - Стефан Де Бод, Самуэле Баттистелла және Маттео Собреро үшін дебют болады. Олар алғаш рет Astana - Premier Tech жейделерінде жарыс жолына шығады. Біздің жас қазақстандық шабандоз Евгений Гидичпен бірге жігіттер өздерін көрсетуге мүмкіндік алады. Оларға тәжірибелі Луис Леон Санчес пен Дмитрий Груздев көмек көрсететін болады.

Әрине, біздің капитан Алексей Луценко жас, бірақ өте тәжірибелі. Ол жарысты былтыр жеңіс тұғырында аяқтаған. Біздің басты мақсатымыз - жалпы есепте ең жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысу. Жарыс бағыты бізге қолайлы. Екі финиш тау жолына бастайды және жекелей жарыс. Мұнда жарысқа түсіп, нәтижеге жетуге тырысу керек. Команда сақадай сай. Сондықтан біз өзімізді көрсетуге тырысамыз", - деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

БАӘ туры (21 – 27 ақпан)

Команда құрамы: Самуэле Баттистелла (Италия), Стефан Де Бод (ЮАР), Евгений Гидич (Қазақстан), Дмитрий Груздев (Қазақстан), Алексей Луценко (Қазақстан), Луис Леон Санчес (Испания), Маттео Собреро (Италия)

Спорт директорлар: Дмитрий Фофонов (Қазақстан), Сергей Яковлев (Қазақстан).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу